«Не үшін кешірім сұраймыз» – интим-видео таратты деп ұсталған жасөспірімнің анасы үн қатты
Анасының ұлы кінәлі дегенге сенбейді
«Хан» лақап атымен белгілі ақтаулық асаба мен әйелінің жыныстық қатынасқа түскен видеосы ел ішінде гу-гу әңгімеге арқау болды. Оның видеосын таратты деген күдікпен жасөспірім ұсталған еді. Ал жасөспірімнің анасы баласының бұл істе кінәлі емес екеніне сенімді болып отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Анасының айтуынша, ұлынан асаба кешірім сұрап, видео түсіруді талап еткен. Алайда айыпталушы тарап бұл талапты орындаудан бас тартқан. “Не үшін кешірім сұрауымыз керек?” дейді олар.
«Балам ҰБТ-ға дайындалып жүр еді. Енді оның болашағы не болады? Ақпанда балама жұмыс істетіп, ақшасын бермеген. Такси шақыртып, оның да ақшасын бермеген. Айдалада балам тоңып, өзі такси шақырып, ақысын өзім төледім. Сол кезде балама “қандай адам екені белгілі болды ғой, осы жұмыста жасамай-ақ қойшы, қоя сал” дедім. Қандай адамдар екенін көрдің ғой дедім. Енді соңы осылай болды. Ол телефоннан балам видеоларды аша алмайды. Телефонды ашу үшін өзінің түрі керек емес пе!? Оны балам аша алмайды. Қалай жіберді?» – дейді анасы.
Еске сала кетейік, таралған жеке видеодан кейін желі гу-гу әңгімеге толды. Тіпті ақтаулық бір топ адам сол асабаның той басқаруына қарсылық білдіріп, үндеу таратты. Ерлі-зайыптылар оның алдында тараған видеоларды өшіруді өтініп, қоғамға үндеу жолдаған еді.