Биыл Назарбаев зияткерлік мектептер жүйесінде бір оқушыға білім беруге шамамен 2 млн теңге жұмсалып жатыр. Жалпы мектептерде бұл көрсеткіш орта есеппен 684 мың теңге. Бірақ НЗМ өзіне бөлінген қаржыға тек бала оқытып қана қоймай, педагогтерді даярлау, жаңа әдістемелерді сынау және оларды бүкіл мектептерге тарату міндетін де атқарады. Осы міндет мінсіз атқарылып жатыр ма? Атқарылып жатқан болса, 10 жылдан аса уақыт ішінде елдегі мектептердің көрсеткіші PISA зерттеуінде неге НЗМ көрсеткішінен жүздеген балға төмен қалып келеді? Tizgin.kz осы мәселеге үңіліп көрді.
Жуықта ғана НЗМ-дегі 12 жылдық білім беру моделін 11 жылдық жүйеге бейімдеу мәселесі қаралып жатқанын мәлім болды. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова арнайы комиссия 12-сынып бағдарламаларын 11 жылдық оқуға сыйғызу мүмкіндігін зерттеп жатқанын айтты.

Оның мәліметінше, НЗМ түлектерінің 88 пайызы мектепті 18 жасында аяқтайды, ал былтыр 300-дей оқушы мектепті 19 жасында бітірген. Министр бұл мәселе қаржыны қысқартумен байланысты болмайтынын, негізгі мәселе білім беру бағдарламаларын қазіргі жағдайға бейімдеу екенін айтқан. Соған қарамастан әсіресе әлеуметтік желіде «Назарбаев мектептерді басқа мектептермен теңестіру керек пе» деген сұрақ қызу талқыланып жатыр.
Білім сапасын көтеру дегеннен шығады – 2022 жылғы PISA зерттеуінде Назарбаев зияткерлік мектептердің оқушылары математикадан 562 балл, жаратылыстанудан 536 балл, оқу сауаттылығынан 490 балл жинады. Қазақстан бойынша орташа көрсеткіштер тиісінше 425, 423 және 386 балл болды. Айырма математикадан 137, жаратылыстанудан 113, оқу сауаттылығынан 104 баллға жетті.
Сандар НЗМ оқушыларының нәтижесі жалпы ел көрсеткішінен айтарлықтай жоғары екенін көрсетеді. Бірақ НЗМ моделінің негізгі міндеті іріктелген бірнеше мың оқушымен жоғары нәтиже көрсету ғана емес еді. Негізгі мақсаттардың бірі жаңа бағдарламалар мен оқыту тәсілдерін сынақтан өткізіп, жинақталған тәжірибені бүкіл орта білім беру жүйесіне тарату болған.
250 млрд теңге және 22 млрд теңге
2019-2023 жылдары НЗМ жұмысына бюджеттен 250 млрд теңге бөлінді. Оның 22 млрд теңгеден астамы НЗМ тәжірибесін жалпы білім беру жүйесіне таратуға қаралған. Бұл – НЗМ жұмысын тексерген Жоғары аудиторлық палатаның мәліметі. Палата НЗМ-нің кәсіби педагогтер ұжымын қалыптастырғанын, оқытудың тиімді әдістемелерін әзірлегенін және ғылыми зерттеулер жүргізіп отырғанын атай келіп, тәжірибені орта білім беру жүйесіне тарату бағытында елеулі проблемалар мен кемшіліктер бар екенін көрсетті.
Аудит материалында НЗМ-нің мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі рөлі нақты айқындалмағаны айтылған. Тәжірибені тарату нәтижесін айқындайтын міндеттер, функциялар мен көрсеткіштер белгіленбегені де сол тексеруде мәлім болған.

ЖАП дерегінше, 2019-2023 жылдары орындалмаған іс-шаралардың көлемі шамамен 8 млрд теңгеге жеткен. Қаражатты тиімсіз жоспарлау 8,3 млрд теңге, тиімсіз пайдалану шамамен 6 млрд теңге болған. Бұдан бөлек, 274,4 млн теңге көлемінде қаржылық қайшылық, 134 рәсімдік, 30 жүйелік кемшілік анықталған.
Палата мәліметіне сүйенсек, жалпы білім беретін мектептерге енгізілген үш мыңнан астам оқулықтың ішінде НЗМ әзірлегендері 67 ғана, яғни шамамен 2 пайыз.
НЗМ не дейді
НЗМ аудит қорытындысындағы бірқатар тұжырымға түсініктеме берген. Соған сенсек, 274,4 млн теңге көлеміндегі қаржылық қайшылықтың бір бөлігі есеп жүргізудегі қателерден шығып, аудит кезінде түзетілген. Ал тиімсіз жоспарланған 8,3 млрд теңгенің едәуір бөлігі пандемия кезінде оқу форматының өзгеруіне байланысты үнемделген қаражаттан қалыптасқан.
Ресми мәлімет бойынша, НЗМ жүйесінде 2010-2024 жылдары 20 771 түлек білім алған. Олардың 4 234-і шетелдік жоғары оқу орындарына, 5 285-і Назарбаев Университетіне түскен. Жалпы түлектердің 91,8 пайызы жоғары оқу орындарына грант иеленген.
НЗМ тағы бір көрсеткішті алға тартады: осы уақытқа дейін 348 465 педагог осы жүйеде біліктілігін арттырған.
Қосар стандарт, ортақ өлшем
Бұл жүйеде ұзақ жыл жұмыс істеген мұғалімдердің бірі Асхат Жұмабеков мәселені басқа қырынан қарайды. Оның айтуынша, НЗМ-нің әсерін тек түлектердің санымен өлшеу жеткіліксіз. Ол өзінің сонда жүріп алған тәжірибесі кейін кәсіби жолына тікелей ықпал еткенін айтады. Мұғалім НЗМ жүйесінде жұмыс істеген жылдары халықаралық білім беру тәжірибесін зерттегенін, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея сияқты елдерде болғанын, Сингапур, Чехия, Финляндияның білім беру жүйелерімен танысқанын атап өтеді. Оның шәкірттері республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобаларда жүлде алған. Өзі Global Teacher Prize байқауының үздік 50 мұғалімінің қатарына енген.
Оның пайымы бойынша, НЗМ-нің нәтижесін тек бір түлектің университетке түсуімен өлшеу дұрыс емес. Мұғалім НЗМ-де қалыптасқан педагог кейін басқа мектептерге тәжірибесін алып барып, мыңдаған оқушыға әсер етуі мүмкін екенін алға тартады. Асхат Жұмабеков НЗМ-ге салынған инвестицияның қайтарымын бір оқу жылымен немесе түлектердің санымен өлшемау керек деген ұстанымда. Мұғалім НЗМ моделін әлсіретуден гөрі, оның жұмыс істейтін тетіктерін жалпы мектептерге жеткізу қажет деп есептейді.
Сондай-ақ ол 12 жылдық оқу жүйесі НЗМ-ге не үшін керектігін айтып өткен. НЗМ оқушысына бейіндік пәндерді тереңдетіп, зерттеу жобаларын жасап, шет тілді меңгеру білігін жетілдіріп, халықаралық емтихандарға дайындалу үшін қосымша уақыт қажет екенін айтады.
2025 жылғы НЗМ бюджеті 38,268 млрд теңге болды. Бюджет құжатында бұл мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыруға арналған шығыс ретінде көрсетілген. 38,3 млрд теңгені 15 748 оқушыға бөлсек, бір оқушыға шамамен 2,43 млн теңгеден келеді. Ал жалпы білім беретін мектептерде бұл көрсеткіш 436,6 мың теңгеден 712,3 мың теңгеге дейін белгіленген. Сонда НЗМ түлектерінің жетістігі ғана емес, жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі де басқа мектептерге қарағанда бірнеше есе жоғары. Мемлекет неге бір азаматтың баласына білім беру үшін екіншісіне қарағанда бірнеше есе көп ақша жұмсау керек?
НЗМ жүйесі жиі алға тартатын көрсеткіштердің бірі – түлектердің 91,8 пайызының грант алатыны. Бірақ бұл жерде НЗМ түлектері ҰБТ-ны жалпы мектеп түлектері сияқты дәл сол форматта тапсырмайды, олардың сыртқы бағалау нәтижелері ҰБТ сертификатына арнайы шкала арқылы енгізіледі. Сондықтан 91,8% және жалпы мектеп түлектерінің грант алу үлесін салыстырғанда бағалау механизміндегі айырмашылықты міндетті түрде ескеру қажет.