Мен жастарды ағылшын тілін меңгеруге шақырамын – Тоқаев Ұлыбритания министріне
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Ұлыбританияның сауда жөніндегі мемлекеттік министрі, лорд Анас Сарварды қабылдады. Мемлекет басшысы кездесуде сауда-экономикалық байланысты дамыту үшін жаңа жобалар мен инвестициядан бөлек, халықаралық ортада жұмыс істей алатын мамандар қажет екенін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Тоқаев Қазақстан Біріккен Корольдікпен екіжақты қарым-қатынасты дамытуға айрықша мән беретінін атап өтті. Оның айтуынша, екі ел арасындағы сындарлы саяси диалог пен түрлі деңгейдегі белсенді байланыс ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүмкіндік береді. Ұлыбритания Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі саналады. Былтыр екіжақты сауда көлемі 83 пайызға өсіп, 1,6 миллиард доллардан асқан. Қазақстанда 500-ден астам британиялық компания жұмыс істейді. Президент экономикалық байланысты нығайтуда мамандардың білімі мен тіл меңгеруінің маңызына тоқталды.
“Сауда-экономикалық байланыстарды ілгерілету жаңа жобалар мен инвестицияларды ғана талап етпейді, сонымен бірге халықаралық ортада еңбек етуге қабілетті адамдар да қажет. Дәл осы себепті Қазақстан жастарын әлемді танып-білуге, дүниетанымын кеңейтуге, көп тіл үйренуге, ең әуелі халықаралық қарым-қатынас құралы саналатын ағылшын тілін меңгеруге шақырамын”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесуде Мемлекет басшысы Ұлыбритания Премьер-министрі Эндрю Бёрнэмге жылы лебізін жолдап, оны Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Білім мен технология саласындағы серіктестік
Анас Сарвар Қазақстанмен стратегиялық серіктестіктің дәйекті түрде дамып келе жатқанына көңілі толатынын жеткізді. Ол британиялық бизнес жобаларына қолдау көрсетіп, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастырғаны үшін Президентке алғыс айтты. Ұлыбритания министрі екі елдің халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелерге қатысты ұстанымдары ұқсас екенін атап өтті. Оның сөзінше, ашықтық, инновациялар, өзара сенім мен еркін сауда серіктестіктің маңызды негізі саналады.
“Стратегиялық серіктестерімізбен қарым-қатынаста ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне сай келетін нақты нәтижеге қол жеткізуге ниеттіміз. Бұл қатарға Қазақстан да енетіні сөзсіз”, – деді Анас Сарвар.
Тараптар гуманитарлық байланысты нығайту, академиялық алмасуды кеңейту және бірлескен білім беру бастамаларын жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Тоқаев Ұлыбританиядағы білім беру мен жас мамандарды даярлау деңгейін жоғары бағалады.
Сондай-ақ кездесуде энергетика, көлік және логистика, цифрландыру мен жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты жандандыру мүмкіндіктері қарастырылды.