Франция тарихшысы Астанада “Алтын Орда” туралы кітабын таныстырды

Елордадағы «Cassackia» галереясында француз тарихшысы Мари Фаверо өзінің «Алтын Орда. Дала империясы əлемді қалай өзгертті» атты кітабының таныстырылымы аясында оқырмандармен кездесті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Енді Түркістанға барады
Ол Алтын Орда тарихына тоқталып, Еуразия құрлығындағы саяси, экономикалық жəне дипломатиялық байланыстардың қалыптасуындағы дала империяларының рөлі туралы баяндады. Кездесудің өтуіне қазақстандық «Steppe & World» баспасы мен Францияның Қазақстандағы Елшілігі қолдау білдірген.

Автор Алматыдағы Ұлттық ғылым академиясы мен ҚР Ұлттық кітапханасында (мұнда сонымен қатар Франция Елшілігі мен Алматыдағы Француз альянсының қолдау көрсетуімен француз əдебиеті бұрышы ашылды) өткен кездесулерден кейін елдегі сапарын жалғастырды.
Осыдан кейін ол Түркістанға аттанбақ. Астанада автор «Cassackia» галереясы мен Мақсұт Нəрікбаев атындағы университетте оқырмандармен жүздесті. Мари Фаверо бұл еңбегінде Жошы ұлысының шежіресін ортағасырлық Еуразия тарихының ауқымында зерделейді.

1000 данамен басылды
Зерттеуші көшпелілер мəдениетінің тарихи мұрасына тоқталып, далалық империялардың дүние жүзіндегі сауда-саттық, дипломатиялық байланыстардың өркендеуіне тигізген ықпалын көрсетеді.
«Оқырмандар бұл туындыны енді қазақ тілінде оқи алады. Астанада өткен бұл таныстырылымның Қазақстан үшін орны ерекше. Себебі еліміз ұлы дала шежіресінің куəгері əрі сол ортақ тарихи кеңістіктің байырғы мұрагері», – делінген ақпаратта.
Қазақстандағы Франция елшілігі қолдауымен «Steppe & World» баспасынан кітаптың қазақ тіліндегі нұсқасының 1 000 данасы жарық көрді.

Францияның Қазақстандағы Елшілігі жыл сайын жастарға арналған ғылыми еңбектер мен өзге де басылымдардың қазақ тіліне аударылып, жарық көруіне қолдау көрсетіп келеді. Биыл жарық көрген «Алтын Орда. Дала империясы əлемді қалай өзгертті» кітабының шығуына қолдау көрсету – осы бағыттағы ауқымды жұмыстардың заңды жалғасы. Бұл қадам Франция мен Қазақстан арасындағы баспа жəне мəдени байланыстардың маңызын дəлелдеп қоймай, ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастықты дамытуға жаңа мүмкіндіктер туғызады.

Аударма көңілден шықты ма
Францияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше жəне Өкілетті Елшісі, Жоғары мəртебелі Сильван Гиогенің сөзінше, бұл еңбектің қазақ тіліне аударылуы ғылыми зерттеулерге септігін тигізеді.
«Сондай-ақ қазақстандық оқырмандардың Алтын Орда тарихын толық əрі тұтас нұсқада оқуына мүмкіндік береді, Бұл – Алтын Орданың ішкі болмысын, атап айтқанда, оның құрылымы мен басқару жүйесін, шаруашылығы мен əлеуметтік жағдайын басты өзек еткен алғашқы еңбек. Франция Елшілігі гуманитарлық жəне əлеуметтік ғылымдар саласындағы бірлескен бастамаларымыз аясында осынау құнды еңбектің жарық көруіне үлкен қуанышпен қолдау көрсетті», – деді ол.