TOP-2Жаңалықтар

Маңғыстауда Джеки Чан қатысатын аңызға айналған блокбастердің түсірілімі басталды

Жобаны Sәlem Entertainment компаниясы мен Dala edge Creative tech park жүзеге асырып отыр.

Маңғыстау облысында әлемге әйгілі актер Джеки Чан қатысатын халықаралық киножоба – «Құдайдың қаруы 4: Ультиматум» фильмінің түсірілімі басталды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, фильмнің негізгі түсірілім локацияларының бірі ретінде әлемге танымал Бозжыра шатқалы бекітілген. Мұнда 7-12 маусым аралығында 35 адамнан тұратын түсірілім тобы жұмыс істеген.

Облыс әкімі Нұрдәулет Килыбай шығармашылық топты жеке қарсы алып, ауқымды халықаралық жобаны жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсеткен.

Кездесу барысында өңірдегі креативті индустрияны дамыту, кино және тележобалар өндіру, жастарға арналған сапалы медиаконтент жасау, сондай-ақ Маңғыстаудың туристік және мәдени әлеуетін халықаралық деңгейде ілгерілету мәселелері талқыланды.

«Маңғыстау киноиндустрия саласындағы ірі жобаларды жүзеге асыру үшін бірегей мүмкіндіктерге ие. Біз креативті экономиканы дамытуға, мәдени мұраны насихаттауға және өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған бастамаларды толық қолдауға дайынбыз», – деді облыс әкімі Нұрдәулет Килыбай.

Түсірілім жұмыстары биыл аяқталуы жоспарланған, ал фильмнің прокатқа шығуы 2027 жылдың ақпанына белгіленген.

Айта кетейік, әлемдік жұлдыз Джеки Чан мен режиссер Роберт Кун Маңғыстауды жаңа киножобаның басты түсірілім алаңы ретінде ресми бекіткен.

Back to top button