TOP-1Оқиға

Маңғыстау облысында жүз бастан аса жылқы қырылып қалды

Маңғыстау облысының Сайөтес ауылында орын алған қолайсыз ауа райының салдарын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Lada.kz.

Маңғыстау ауданы әкімдігінің хабарлауынша, қатты жел мен нөсер жауынның салдарынан елдімекенде бірқатар нысанның шатырлары жартылай зақымданып, ұшып кеткен.

Сонымен қатар, Сайөтес ауылы мен 7-разъезд аралығындағы, аудан орталығынан 120–150 шақырым қашықтықта орналасқан учаскеде теміржол бойына жиналған мал қырылған.

Жағдайды бағалау үшін 16-17 сәуір күндері мемлекеттік органдар өкілдері арнайы комиссия құрған.

«Қазір комиссия шаруашылық иелерімен бірлесіп жұмысын жалғастырып жатыр. Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру базасында тіркелген қырылған мал үшін өтемақы мәселелері қолданыстағы заңнама аясында қаралады. Шешімді төтенше жағдайлар, ауыл шаруашылығы және ветеринария салаларындағы уәкілетті органдар қабылдайды», – деп хабарлады аудандық ішкі саясат бөлімі.

Алдын ала мәлімет бойынша, жүзден астам жылқының өлексесі табылған. Жергілікті атқарушы органдар қырылған малдың нақты санын анықтау үстінде, өйткені иелері әзірге мал басын толық есепке ала алмай отыр.

Малдың қырылуына экстремалды ауа райы жағдайлары – қатты жел мен нөсер жауын себеп болған. Мал бағытынан адасып, жетуі қиын аумақтарға тап болып, шамадан тыс ылғалданған жерде қырылған. Кейбір табындар елдімекендерден 60-80 шақырым қашықтықта қырылуы мүмкін.

Жедел әрекет ету үшін Бейнеу ауданынан Ақшымырау ауылына «Трэкол» жол талғамайтын көлігі жіберілді. Жоғалған малды іздеу үшін дрондардың көмегімен әуеден мониториң ұйымдастырылды. Облыс әкімінің орынбасарының төрағалығымен жедел штаб отырысы өтіп, оның қорытындысы бойынша мұнай-газ кәсіпорындарына қосымша техникалық қолдау көрсету тапсырылды. Қазір облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Маңғыстау ауданында болып, тұрғындармен кездесулер өткізіп, барлық қажетті жұмыстарды үйлестіруде.

«Салдарды жою үшін барлық күш пен құрал жұмылдырылды: өңірдегі ірі кәсіпорындардың техникасы, төтенше жағдайлар қызметтері және жергілікті атқарушы органдар тартылған. Су сору және қалпына келтіру жұмыстары күшейтілген режимде жалғасуда. Жағдай ерекше бақылауда. Мал иелерімен жұмыс жүргізіліп, заманауи мониторинг құралдары мен арнайы техника пайдаланылып жатыр», – деп хабарлады Маңғыстау ауданы әкімдігі.

Еске салайық, нөсер жауын салдарынан жылқылардың қырылғанын бұған дейін жергілікті тұрғындар хабарлаған болатын.

Back to top button