TOP-2Спорт

Конгодан жеңілген Өзбекстан құрамасы әлем чемпионатын аяқтады

Өзбекстан құрамасы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының К тобындағы соңғы матчында Конго Демократиялық Республикасына 1:3 есебімен жол берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Кездесу сәтті басталғанымен, өзбекстандықтар алғашқы таймдағы басымдығын сақтап қала алмады. Команданың капитаны Элдор Шомуродов 10-минутта есеп ашып, Өзбекстанды алға шығарды.

Фото: Азамат Темірбеков

Алайда үзілістен кейін ойын тізгінін толықтай Конго ДР футболшылары қолға алды. 68-минутта Йоан Висса пенальтиден есепті теңестірсе, араға он минут салып Ибраһим Майеле командасын алға шығарды. Ал қосымша уақытта Висса дубль авторы атанып, матчтың қорытынды есебін белгіледі – 3:1.

Параллель өткен тағы бір кездесуде Колумбия мен Португалия құрамалары бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алмай, 0:0 есебімен тең тарқасты.

Фото: Азамат Темірбеков

Осылайша Өзбекстан құрамасы әлем чемпионатындағы дебюттік турнирін үш матчтың үшеуінде де жеңіліспен аяқтады. Фабио Каннаваро жаттықтыратын команда топтық кезеңде бірде-бір ұпай жинай алмады. Үш кездесуде екі гол соғып, өз қақпасына 11 доп жіберіп алды.

К тобының қорытындысы бойынша Колумбия жеті ұпаймен бірінші орынға ие болды. Португалия бес ұпаймен екінші орын алып, плей-офф кезеңіне жолдама алды. Ал Конго Демократиялық Республикасы төрт ұпаймен үшінші орынға тұрақтады.

Back to top button