БілімЖаңалықтар

«Кітапты теріс айналдырып оқу керек»: Ата-аналар 4-сынып оқулығына шағымданды

4-сынып оқушысының Күмісай есімді анасы әлеуметтік желіде «Әдебиеттік оқу» оқулығын көрсетті. Оқулықтың сырты дұрыс болғанмен, ішіндегі жазулар төңкеріліп жазылған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Бала кітапты теріс айналдырып оқуы керек»

«Оқу жылы басталды. «Әдебиеттік оқу» кітабы. 4-сыныпқа арналған. «Алматы кітап» баспасы. Оқу-ағарту министрлігі қайда қарап отыр? Кітапты ақшанда жазулар теріс жазылған. Бұл не сұмдық? Бала кітапты оқу үшін теріс айналдырып оқуы керек. Бұл масқара ғой. Ұят!», – деп жазды ол әлеуметтік желіде.

Осыған қатысты ата-аналар әртүрлі пікір білдірді. Бірі:

«Кітапты аудара салу оқушыға қиын ба? Кезінде 3 оқушыға бір кітап беретін, осыған да шүкір деу керек», деп жазса,

енді бір оқырман

«Кітапханаға қайта өткізіңіздер. Мектептің қателігі, мөр басып қойылған», – деп жазған.

«Баспа барлығын қадағалай алмайды»

Бұл мәселеге қатысты «Алматы кітап» баспасының ресми парақшасы жауап жазған.

«Алдымен оқулықты қай жерден алғанын анықтау керек. Көшірме контрафактілер өте көп! Баспа барлығын қадағалай алмайды! Министрлік тарапынан да солай. Ресми дүкендерден бұндай өнімдер сирек шығады. Шыққан күннің өзінде, ол – типографиялық қателік. Оқулықтар толық жабық қаптамамен келіп, сол күйі ашылмай мектептерге, дүкендерге жеткізіледі. Осындай өнімдерге жолықсаңыз, бірден бізге хабарлассаңыздар, ауыстырып береміз. Ал ресми дүкендерден алынбаған контрафакт өнім үшін біз жауап бере  алмаймыз», – деп жазылған хабарламада.

Back to top button