Қоғам

Кінәсіздік презумпциясы: Қазақстанның жаңа Конституциясында не өзгерді

Бас прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев бүгін жаңа Конституция күшіне еніп, оның адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін, құқық үстемдігін нығайта отырып, елдің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашқанын айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.

“МАЗМҰНЫ МИРАНДА ҚАҒИДАЛАРЫНА СӘЙКЕС КЕЛЕДІ”

Бірінші орынбасар конституциялық реформаның негізгі бағыттарының бірі – адам құқықтарын қорғауды одан әрі күшейтуге, сондай-ақ жеке бас бостандығы мен әділ сот төрелігінің кепілдіктерін нығайтуға бағытталғанын атап өтті.

“Конституцияның 18-бабында әрбір адамға ұсталған кезде оның бостандығын шектеудің негіздері мен құқықтарын түсіндіру міндетінің бекітілуі маңызды жаңа өзгерістердің бірі болды. Бұл ұсталған сәттен бастап адамға оның бостандығын шектеудің себептері, үндемеуге құқығы, қорғаушының көмегіне жүгіну және ұсталғаны туралы жақын туыстарына хабарлау құқығы түсіндірілуге тиіс дегенді білдіреді. Мазмұны жағынан бұл конституциялық кепілдік, халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатын Миранда қағидаларына сәйкес келеді”, – деді ол.

Өмірәлиев аталған норманың Конституцияда бекітілуі адам бостандығы шектелген алғашқы сәттен оның себептерін біліп, өзінің процестік құқықтарын түсінуіне мүмкіндік беретінін жеткізді.

“АЗАМАТТАРДЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚУДАЛАУДАН ҚОРҒАЙДЫ”

Сөзінше, бұл нормалар құқықтарды негізсіз шектеуден қорғаудың қосымша кепілдіктерін қамтамасыз етіп, іс жүргізудің ең бастапқы кезеңінен қорғану құқығын тиімді жүзеге асыруға жағдай жасайды.

“Тағы бір маңызды жаңалық – Конституцияның 19-бабында кінәсіздік презумпциясының, яғни өз-өзіне, жұбайына (зайыбына) және заңда айқындалған жақын туыстарына қарсы айғақ бермеу құқығының, сондай-ақ бір құқық бұзушылық үшін қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа қайтадан тартуға жол бермеу қағидатының бекітілуі. Бұл ережелер дербес конституциялық қағидаттар мәртебесіне ие болып, олардың адам құқықтарын қорғаудағы айрықша маңызын айқындайды” – деді ол.

“ЕШКІМ КІНӘСІЗДІГІН ДӘЛЕЛДЕУГЕ МІНДЕТТІ ЕМЕС”

Бірінші орынбасар ойынша, кінәсіздік презумпциясы адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі сот үкімімен дәлелденгенше кінәсіз деп есептелетінін білдіреді.

“Ешкім өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес, ал жойылмайтын барлық күмән адамның пайдасына түсіндіріледі. Бұл азаматтарды негізсіз қылмыстық қудалаудан қорғайды, сот талқылауының объективтілігін нығайтады және әрбір істің әділ қаралуына кепілдік береді”, – деді Өмірәлиев.

Өзіне және жақын туыстарына қарсы айғақ бермеу құқығы азаматтарды өзін-өзі әшкерелеуге мәжбүрлеуден қорғайды әрі заңда көзделген барлық қорғану құралдарын еркін пайдалануға мүмкіндік береді. Ал бір құқық бұзушылық үшін жауаптылыққа қайтатартуға тыйым салу іс бойынша түпкілікті шешім қабылданғаннан кейін адамды қайтадан қудалауға жол бермей, құқықтық айқындық пен тұрақтылықты қамтамасыз етеді.

Back to top button