$ 441.88 € 503.61 ₽ 5.24
TOP-2Жаңалықтар

Каспийдегі сарбаздар қазасы: Қорғаныс министрлігі іздеу жөнінде соңғы жаңалықты жариялады

Операцияға жүздеген маман, әскери сүңгуірлер, кемелер мен авиация жұмылдырылған. Оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғадан 12 әскери қызметші қаза тауып, үшеуі құтқарылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Іздеу жұмыстарына қандай күштер жұмылдырылды

Іздестіру-құтқару операциясы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқаратын Үкіметтік комиссияның тапсырмасымен жүргізіліп жатыр. Оқиға орнындағы жұмыстарға Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов тікелей басшылық етуде.

Жедел штаб құрамына Қорғаныс министрлігі, ҰҚК Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар және Ішкі істер министрліктері, сондай-ақ Маңғыстау облысының жергілікті атқарушы органдарының өкілдері кірген.

Операцияға 252 әскери қызметші мен қызметкер, 37 әскери сүңгуір, 34 арнайы жерүсті техникасы, 14 кеме мен катер жұмылдырылған. Бұған қоса, іздеу жұмыстарына төрт тікұшақты қоса алғанда, 20-дан астам әуе кемесі қатысып жатыр.

Мамандар теңіз айдынын, жағалау мен оған іргелес аумақтарды тексеріп, әуеден үздіксіз бақылау жүргізуде.

12 әскери қызметші қаза тапты

Берілген мәліметке сәйкес, оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 17 әскери қызметшіні ашық теңізге алып кеткен.

Үш әскери қызметші құтқарылды. 12 әскери қызметші қаза тапты. Тағы екеуін іздеу жалғасып жатыр.

Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қайғылы жағдайдың себептері мен мән-жайларын анықтау үшін тергеу іс-шаралары жүргізілуде.

Қаза тапқандардың отбасылары мен зардап шеккен әскери қызметшілерге қажетті материалдық және психологиялық көмек көрсетіледі.

Back to top button