Кәсіпкер «жалған» бұқалар мен сиырлардан 50 млн теңге тапқан
Ақмола облысында мал шаруашылығын дамытуға бөлінген 50 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, «Медина» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің директоры мен Шортанды аудандық ветеринариялық станциясының басшысы ақпараттық жүйеге ірі қара мал саны туралы жалған деректер енгізген.
Соның ішінде шаруашылықта 57 асыл тұқымды тұқымдық бұқа бар деген мәлімет көрсетілген. Осы дерек негізінде бюджеттен 9 млн теңге аударылған.
Мұнымен іс бітпеген. Тергеу мәліметі бойынша, дәл осы деректерге сүйеніп, шын мәнінде жүргізілмеген селекциялық жұмыстар үшін тағы 17 млн теңге бөлінген.
Бұдан бөлек, төрт өтінімде аналық мал саны іс жүзіндегі көрсеткіштен 3 мың басқа артық көрсетілген. Нәтижесінде тағы 27 млн теңге субсидия негізсіз алынған.
«Мемлекетке келтірілген залал 50 млн теңгеден асты. Кооператив директорына қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды», – делінген хабарламада.
Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.