Жаңалықтар

«Juzmedia» басылымының Instagram парақшасы кибершабуылға ұшырап, бұғатталып қалды

«Juzmedia» жобасының негізін қалаушы Тоғжан Жалғасбек басылымның 60 мыңнан астам оқырманы бар Instagram парақшасы кибершабуылға ұшырап, бұғатталып қалғанын хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.

Басылым басшысы не дейді

Тоғжан Жалғасбектің айтуынша, парақшаның ай сайынғы қаралым 13-17 миллионға дейін жеткен. Ол парақшаға оқырман жарнама арқылы немесе арзан хайппен жиналмағанын айтады. Екі жыл бойы күн сайын жасалған еңбектің нәтижесі дейді.

“Қазір мамандар парақшаны қалпына келтіруге тырысып жатыр. Жаппай шағымдар тендерлерге қатысты жарияланған материалдардан кейін шетелдік бот-аккаунттар арқылы ұйымдастырылған. Juzmedia-да жарияланатын мақалалар нақты деректерге сүйеніп дайындалады және заңгердің тексеруінен өткеннен кейін ғана жарық көреді. Тендерлерге қатысты мақала жарияланғаннан кейін әкімдіктер түрлі “ұсыныстар” жасайды, тіпті қысым көрсеткендері де болды. Одан нәтиже шықпаған соң басқа тәсілдерге көшкен сияқты.

Әрине, екі жылдық еңбектің бір сәтте жоқ болғанын көру ауыр… Бірақ, бір нәрсе анық. Мұндай қысым біздің ұстанымымызды өзгертпейді. Барлық парақшамызды жауып тастаса да, Juzmedia өз жұмысын тоқтатпайды!” – дейді Тоғжан Жалғасбек.

«Juzmedia» – ақпараттық-ағартушылық портал. Өз сайтында басылым қызметін қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі деп сипаттайды.

Мұндай кибершабуылда Қазақстан былтырдан бері бірнеше БАҚ ұшыраған. Былтыр Orda.kz, биыл Азаттық радиосының парақшасына жаппай шағым түсіп, парақшалары уақытша бұғатталған еді.

Back to top button