«Аттан құлады дегенге сенбейміз»: көкпарда мерт болған баланың туыстары шағым айтты
Биыл мамырда көкпар ойыны кезінде мерт болған 13 жастағы баланың туған-туыстары оқиға тергеу органдары істі жауып тастады деп шағым білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Туған-туыстары неге наразы
Әлеуметтік желіде Жұлдыз Үсенова атты азамат биыл 26 мамырда қайғылы жағдай болып, аға-жеңгесі ұлынан айырылғанын жазады.
“Қазақстанда әділдік жоқ, істі оқыс жағдай деп жауып тастады! Құрметті қазақ елі, Руслан Өтепбай, Жан Ахмадиев, Дінмұхамет көкпар ойынының дайындық жаттығуына қатысу үшін 26 мамырда үйден шыққан. Ол «Жанбөбек» командасының ойыншысы болатын. Куәгердің айтуынша, ойын барысында Дінмұхамет қарсылас ойыншының серкені алып кетуіне жол бермес үшін көкпардың белгіленген ережесіне сәйкес әрекет еткен. Алайда осы сәтте қарсылас команданың ойыншысы ойын қағидаларын өрескел бұзып, оның атына көлденеңнен қатты соққы жасаған. Соның салдарынан Дінмұхамет ат үстінен құлап, басынан, ауыр жарақат алған”, – деген Жұлдыз бауыры осыдан кейін есін жимай көз жұмғанын жазады.
Жұлдыз Үсенова полиция мен прокуратура істі ашқанымен, екі айдан кейн еш себепсіз жауып тастағанын жазады.

Мерт болған баланың туған-туыстарының айтуынша, сараптама қорытындысында «денсаулыққа қатты доғал заттың әсерінен ауыр зиын келтірілген» деп тайға таңба басқандай жазылған. Қорытындыда жарақаттың аттан құлау салдарынан болғаны туралы бір ауыз сөз жоқ дейді олар.
“Баланың басы жарақаттанған, жұлыны үзілген, мойны сынған. Аттан құлағанда осындай жарақаттар болуы мүмкін бе? Құлаған адам инстинктивті түрде қорғануға және денесін жинауға тырысады. Біз баланың аттан құлағаны туралы нұсқаға сенбейміз! Көкейімізде сұрақ өте көп, бірақ оған ешкім жауап бермей отыр”, – дейді олар.
Оқиға жайлы
Оқиға жайлы биыл мамырда БАҚ жарыса жазған еді. Кәмелетке толмаған адам өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған. Қайғылы жағдай 26 мамырда болған.
“Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға Целиноград ауданында көкпар ұлттық ойынына жаттығу кезінде болған. 2012 жылы туған бала аттан құлап, көз жұмды. Қазір полиция қызметкерлері болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізуде. Тергеу іс-шаралары шеңберінде жаттығуды ұйымдастырушылардың және қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты адамдардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі”, – деп хабарлады Ақмола облысының ПД баспасөз қызметі өкілдері.
Алайда мерт болған баланың туған-туыстары тергеу ісі дұрыс жүргізіліп жатпағанын айтып, шағымданып отыр.