Жұрттың шағымынан кейін Sinoil, QazaqOil және Helios бензиндерінің сапасы тексеріліп жатыр
Сауда және интеграция министрлігі азаматтардың шағымынан кейін автомобиль бензинінің сапасын жеткізу тізбегінің барлық кезеңінде тексеріп жатыр. Павлодар мұнай-химия зауытынан және еліміздің бірнеше өңіріндегі 17 жанармай құю станциясынан алынған сынамалар зертханаға жіберілді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ПМХЗ бензині тәуелсіз зертханада тексеріледі
Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті Павлодар мұнай-химия зауытынан тікелей алынған бензиннің арбитраждық сынамаларын өндірушіге тәуелсіз зертханаға тапсырды.
Сонымен қатар Sinoil, QazaqOil және Helios қоспалары қосылған отын үлгілері де бөлек зерттеліп жатыр. Зерттеу қорытындысы бір апта ішінде белгілі болады.
Қазір министрлік бензин сапасына қатысты азаматтардан түскен 12 өтінішті қарап жатыр. Оның тоғызы Астана тұрғындарынан келіп түскен. Тағы бір шағым Павлодардан, екеуі Солтүстік Қазақстан облысынан жолданған.
17 АЖҚС-дан бензин сынамасы алынды
Тексеру аясында еліміздің төрт өңіріндегі 17 жанармай құю станциясында бақылау сатып алуы жүргізілді. Алматы қаласы мен Алматы облысында бес-бестен, Абай облысында алты, Жамбыл облысында бір АЖҚС тексерілген. Алынған отын үлгілері қазір зертханалық сынақтан өтіп жатыр.
Министрлік тексеру жұмыстары тек өндіріс орнымен шектелмейтінін мәлімдеді. Бензиннің сапасы зауыттан бастап, мұнай базалары мен жанармай құю станцияларына дейінгі бүкіл жеткізу тізбегі бойынша бағаланады.
Егер автомобиль бензинінің техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтіні анықталса, заңнамада көзделген шаралар қабылданады. Атап айтқанда, сапасыз жанар-жағармайды сатуға тыйым салынып, мұндай өнімдер айналымнан алынады.
Сауда және интеграция министрлігі зертханалық тексерулердің нәтижесін қосымша жариялайтынын хабарлады.