Жұмыстан заңсыз шығарылған мұғалім мектептен 2 млн теңгеге жуық өтемақы алды
Жамбыл облысында сот жұмыстан заңсыз шығарылған мұғалімді бұрынғы қызметіне қайта орналастырып, мектептен оның пайдасына 2 млн теңгеге жуық қаражат өндірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Істі Жамбыл аудандық соты қараған. Мұғалім мектеп-лицейге қарсы талап қойып, қызметіне қайта алуды, мәжбүрлі бос жүрген уақыты үшін жалақысын өндіруді және моральдық зиянды өтеуді сұраған.
Талап қоюшы аталған мектепте 2016 жылдан бері ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. 2025 жылдың қаңтарынан бастап оған директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметі де жүктелген.
2026 жылдың сәуірінде ол жұмыстан шығарылған.
Сот мұғалімнің директор орынбасары қызметін атқару кезінде еңбек міндеттерін бұзғанын анықтады. Осыған байланысты оған қатаң сөгіс жарияланған, кейін тағы да тәртіп бұзушылықтар анықталған.
Алайда бұл заң бұзушылықтардың барлығы директордың орынбасары ретіндегі міндеттеріне қатысты болған. Ал оның ағылшын тілі мұғалімі қызметін тиісінше атқармағанын дәлелдейтін деректер сотқа ұсынылмаған.
«Сот ағылшын тілі мұғалімі қызметінен бір уақытта босату заңсыз деген қорытындыға келді. Белгіленген бұзушылықтар директордың орынбасарының міндеттеріне қатысты болды. Ал ағылшын тілі мұғалімінің міндеттерін дұрыс орындамағаны туралы ешқандай дәлел болған жоқ», – делінген сот хабарламасында.
Осыған байланысты жұмыстан шығару туралы бұйрық ішінара заңсыз деп танылып, мұғалім бұрынғы қызметіне қайта орналасты.
Мектептен қанша ақша өндірілді
Сот мектептен мұғалімнің пайдасына мәжбүрлі бос жүрген уақыты үшін 1,2 млн теңге жалақы өндіру туралы шешім шығарды.
Бұдан бөлек, оған сауықтыруға арналған 219 мың теңге жәрдемақы, моральдық зиян үшін 100 мың теңге, сондай-ақ өкілдің көмегіне жұмсалған шығын ретінде 350 мың теңге төленуі тиіс. Мемлекеттік баж да мектептен өндірілді.
Осылайша, мемлекеттік бажды есептемегенде, мұғалімнің пайдасына өндірілетін қаражаттың өзі 1,869 млн теңгені құрайды.
Сот бұдан бөлек жеке ұйғарым шығарып, мектеп басшылығы мен жауапты қызметкерлер тарапынан анықталған заң бұзушылықтар жөнінде аудандық білім бөлімінің назарына жеткізді.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.