ҚоғамТергеу

“Жауапкершілікке дайынбыз”: блогер сотта кінәсін ішінара мойындады

Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырып, қолға алған кәсібі заңға қайшы келді деп айып тағылған блогер Эльмира Төлегенова сотта кінәсін ішінара мойындады, деп хабарлайды Tizgin.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

АВДОКАТ ӨЗ ҚОРҒАУЫНДАҒЫ АДАМНЫҢ ҰСТАНЫМЫН НАҚТЫЛАДЫ

Отырыс барысында Эльмира Төлегенова мен Ерболат Жанәбіловтің мүддесін қорғайтын адвокат Гауһар Айтжанова өз қорғауындағы азаматтың ұстанымын нақтылап, аталған айыптар бойынша кінәсін мойындайтынын немесе мойындамайтынын сұрады.

Сұраққа жауап берген Төлегенова заңсыз кәсіпкерлік қызметке қатысты бөлігінде “заң бұзғанын түсінетінін” айтты.

“Заңсыз кәсіпкерлік қызметке қатысты айтар болсам, әлі әкімшілік іс жүріп жатқанда, біз қол қоюдың қажеті жоқ, қылмыстық жауапкершілік болмайды деп сендік, сондықтан ол кезде қол қоймадық. Бірақ қазір, дәл осы сәтте заңды бұзғанымызды, әрине, түсінемін. Мұны мойындаймын. Шынымды айтсам, мұнда тұру маған өте ауыр. Біз бұл үшін жауапкершілік арқалауға дайынбыз”, – деді ол.

БЛОГЕР АЙЫППЕН КЕЛІСПЕЙТІНІН АЙТТЫ

Сонымен қатар Төлегенова ақшаны заңдастыру және жылыстату бабы бойынша тағылған айыппен келіспейтінін айтты. Оның айтуынша, бұл айыптың қандай негізде тағылып отырғанын түсінбейді.

Анықтама: Блогерлерге 214-бап (“Заңсыз кәсіпкерлік”) және 218-бап (“Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату)”) бойынша айып тағылып отыр.
Сотталушы өзінің сезімге тез берілетін адам емес екенін, бірақ қазіргі жағдайда қатты толқып тұрғанын айтты.

“Мен сезімге тез берілетін адам емеспін, бірақ бұл жағдайда әйел ретінде маған ауыр тиіп тұр”, – деді ол көзіне жас алып.

ҮЗІЛІС ЖАРИЯЛАУДЫ СҰРАДЫ

Осыдан кейін Эльмира Төлегенова соттан үзіліс жариялауды сұрады. Үзілістен соң ол болып жатқан жайттардың оның жағдайына айтарлықтай әсер етіп жатқанын мәлімдеді.

“Бұл менің менталды, психикалық саулығыма өте қатты соққы болып тиіп жатыр. Маған бұл бапты не үшін тағып отырғаны туралы сұрақ көп. Бұл 214-бапты “ауырлату” үшін жасалғандай әсер қалдырады. Мен бұл ақшаны сыртқа шығармадым, оны шешіп алған жоқпын, бұл ақша компания ішіндегі шоттар арасында аударылды, олар есеп айырысу шотында тұр”, – деді ол.

Сондай-ақ Төлегенова міндеттемелерден жалтару немесе мемлекетке қарсы шығу ниеті болмағанын баса айтты.

Жанәбіловтердің ісі бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр.

 

Back to top button