Жаңбыр, қар, үсік: Алдағы 3 күнге арналған ауа райы болжамы
«Қазгидромет» РМК 2026 жылғы 29–31 тамызға арналған ауа райы болжамын жариялады.
Синоптиктердің мәліметінше, жаздың соңғы күндерінде атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел күшейіп, кей жерлерде бұршақ түсуі мүмкін, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Болжам бойынша, кезеңнің соңына қарай елдің солтүстігі мен шығысында түнгі уақытта жаңбыр аралас қар жауады.
Қай өңірлерде нөсер жаңбыр жауады?
Күшті жауын-шашын:
- 29 тамызда – Ақмола, Қостанай және Қарағанды облыстарында;
- 30–31 тамызда – Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында күтіледі.
Ал еліміздің батысында жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
Сонымен қатар, батыс, солтүстік-батыс, солтүстік және шығыс өңірлерде түнгі және таңғы уақытта тұман түседі.
Үсік жүреді
Синоптиктердің болжамынша, Қазақстанның батысында күндізгі ауа температурасы +18…+23 градустан +25…+30 градусқа дейін көтеріледі.
Ал Маңғыстау облысында ауа температурасы айтарлықтай өзгермейді. Күндіз +25…+35 градус шамасында болады.
Солтүстік пен орталықта күн салқындайды
Елдің солтүстік-батысында, солтүстігінде және орталығында ауа температурасы төмендейді.
Түнде ауа температурасы +10…+15 градустан 0…+5 градусқа дейін түседі.
Кезең соңында кей жерлерде -3 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін.
Күндіз ауа температурасы +15…+25 градустан +10…+15 градусқа дейін төмендейді.
Шығыс пен оңтүстіктегі ауа райы
Шығыс Қазақстанда да күн салқындайды. Түнде ауа температурасы +10…+15 градустан +5…+10 градусқа дейін, ал күндіз +25…+35 градустан +15…+25 градусқа дейін төмендейді.
Ал Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде түнде +10…+20 градус, күндіз +25…+35 градус жылы болады.