Қазақстанда қылмыс құрбандарына өтемақы көбейе ме: Қорда 8,5 млрд теңге бар
Қазақстанда қылмыстан зардап шеккен азаматтарға өтемақы төлеу жүйесін қайта қарау ұсынылды. Құрылтай депутаты Снежанна Имашева сегіз жыл ішінде арнайы қордан небәрі 5,5 мың адамға 855 миллион теңгеден астам қаражат төленгенін, ал шотта шамамен 8,5 миллиард теңге қалғанын айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Өтемақы алуға құқылы болғандар әлдеқайда көп еді»
Қазақстанда Жәбірленушілерге өтемақы қоры 2018 жылдан бері жұмыс істейді. Оның негізгі мақсаты – қылмыстан зардап шеккен азаматтардың жекелеген санаттарына ақшалай өтемақы төлеу.
Құрылтай депутаты Снежанна Имашеваның айтуынша, қор жұмыс істеген сегіз жыл ішінде шамамен 5,5 мың адамға өтемақы берілген. Төленген қаражаттың жалпы көлемі 855 миллион теңгеден сәл ғана асқан.
Ал қор шотында шамамен 8,5 миллиард теңге сақтаулы тұр.
Депутат мұндай айырмашылық себебін анықтау қажет деп есептейді. Оның пікірінше, өтемақы алуға құқығы бар азаматтардың барлығы бірдей өз мүмкіндіктерін біле бермеуі мүмкін. Бұған қоса, төлем рәсімінің күрделілігі де жәбірленушілерге кедергі келтіруі ықтимал.
«Сегіз жыл ішінде шамамен 5,5 мың жәбірленушіге жалпы сомасы 855 миллион теңгеден сәл асатын өтемақы төленген. Демек, қор шотында шамамен 8,5 миллиард теңге қалды. Осындай қаражат бола тұра, төлем көлемінің салыстырмалы түрде аз болуы заңды сұрақ туғызады. Өйткені осы жылдар ішінде өтемақы алуға құқығы болған жәбірленушілер әлдеқайда көп еді», – деді Снежанна Имашева.
Осыған байланысты депутат уәкілетті органдардан азаматтардың өтемақы алу құқығы туралы қаншалықты хабардар екенін анықтауды талап етті.
Төлем мерзімі қысқаруы мүмкін
Снежанна Имашева қолданыстағы өтемақы төлеу тетігін жетілдіру қажет деп санайды. Ол бірнеше ұсыныс білдірді.
Атап айтқанда, депутат базалық өтемақы мөлшерін қазіргі 30-50 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) жоғары көтеруді ұсынды. Сонымен қатар қаржылай көмек алуға құқығы бар азаматтар санатын кеңейту қажеттігін атап өтті.
Бұдан бөлек, өтемақы төлеу мерзімін бірнеше айдан бірнеше күнге дейін қысқарту ұсынылды. Депутат пікірінше, қылмыстан зардап шеккен азаматтар қаражатты ұзақ күтпеуі керек.
Тағы бір бастама – сотталған қылмыскерлерден қаражатты мәжбүрлеп өндіріп алу жүйесін қайта қарау. Бұл қордың тұрақты түрде толықтырылып, төлемдердің үздіксіз жүргізілуіне мүмкіндік беруі тиіс.
Осылайша, ұсынылып отырған өзгерістер өтемақы көлемін арттыруға, оны алу рәсімін жеңілдетіп, жәбірленушілерге қаражатты жедел жеткізуге бағытталған.