Ираннан Қазақстанға «улы-жаңбыр» жылжып келе жатқаны рас па
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Ираннан Қазақстанға «у-жаңбыр» жылжып келе жатқаны рас па деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ирандағы мұнай зауыттарын Израиль мен АҚШ әскери күштері кезек-кезек жарғаннан кейін Тегеранның аспаны қап-қара түнекке айналған. Оқиғаның видеосы желіде қызу талқыланды. Ізінше осы қою әрі қошқыл, зиянды заттармен араласқан бұлттар жаңбыр болып Қазақстанға жауады екен деген де әңгіме ескен. Әйтсе де Мәжіліс кулуарында министр Нысанбаев “бұл мүмкін емес” деп мәлімдеді.
“Қышқыл жаңбыр деп жүргендері күкірт оксиді мен азоттың қосындысы. Бұл қосынды аз аралықтан кейін ауаға тарап, жоғалып кетеді. Сол себепті біздің Өзбекстандағы әріптестеріміз де растағандай, Орталық Азияға қышқыл жаңбыр жауады деген қауіптің негізі жоқ”, – дейді Нысанбаев.
Министрдің сөзінше, оның үстіне Қазгидромет мамандары алдағы күндері жел оңтүстік-батыс бағытына қарай соғатынын болжап отыр.