ІІМ қазақстандықтарға түнгі уақытта салют атқаны үшін жаза қарастырылғанын ескертті
Мұндай құқық бұзушылықтардың ең көп саны ірі қалаларда тіркеледі.
Жыл басынан бері пиротехниканы қолдану және оның айналымына қатысты талаптарды бұзғаны үшін 251 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Аулада түнгі салют атқан қазақстандықтарға жаза қарастырылған
ІІМ мәліметінше, соңғы уақытта көпқабатты үйлердің тұрғындары туған күн және өзге де мерекелерді тікелей аулада отшашу ұйымдастыру арқылы атап өтетін жағдайлар жиілеп отыр. Оның ішінде түнгі уақытта да пиротехникалық бұйымдар қолданылатын жағдайлар бар.
«Бірнеше минутқа созылатын мерекелік отшашу көршілердің наразылығын тудырып қана қоймай, жарақат алуға, өрт шығуына және әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Еске саламыз: елді мекендерде пиротехникалық бұйымдарды қолдануға белгіленген талаптарды сақтаған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Заңнамада мерекелік күндерге, соның ішінде Жаңа жыл түніне қатысты ешқандай ерекшелік қарастырылмаған», – деп жазылған хабарламада.
Астанада 74, Алматыда 58 адам: пиротехникаға қатысты заң бұзу көбейді
Жыл басынан бері пиротехниканы қолдану және оның айналымына қатысты талаптарды бұзғаны үшін 251 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 237 адам пиротехникалық бұйымдарды елді мекендерде қолданғаны үшін, тағы 14 адам оларды сақтау, пайдалану, тасымалдау және сату тәртібін бұзғаны үшін жауапқа тартылған.
Мұндай құқық бұзушылықтардың ең көп саны ірі қалаларда тіркеледі. Астанада 74 адам, Алматыда 58 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Сертификатталмаған пиротехниканы пайдалану және қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтамау ауыр жарақаттарға және өртке әкелуі мүмкін.