Ғалымдар көп отырып жұмыс істейтін адамдарға төнетін ауруларды атады
Күніне мыңдаған қадам жасап жүрсеңіз де, ұзақ уақыт тапжылмай отыру денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін. Ғалымдар жүргізген жаңа зерттеу дәл осындай қорытындыға келді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Мамандар төрт жылға жуық уақыт бойы фитнес-білезік таққан 15 мыңнан астам адамның өмір салтын бақылаған. Зерттеуге қатысушылар орта есеппен күніне 7400 қадам жасаған. Алайда соған қарамастан, олардың көпшілігі тәулігіне шамамен 12 сағатты отырып өткізген.
Зерттеу нәтижесі аз қимылдайтын өмір салты семіздік, екінші типтегі қант диабеті, гипертония, бауыр аурулары, депрессия және жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін арттыратынын көрсетті. Ғылыми жұмыс нәтижелері Nature Communications журналында жарияланған.
Ғалымдардың айтуынша, физикалық белсенділік кейбір аурулардың даму қаупін азайтуға көмектескенімен, ұзақ уақыт отырудың кері әсерін толық жоя алмайды. Әсіресе, бұл жүректің ишемиялық ауруы мен жүрек жеткіліксіздігіне қатысты.
«Адам тым көп отырса, тіпті күні бойы көп қадам жасаудың өзі барлық қауіпті жоймайды», – деп жазады зерттеу авторлары.
Мамандар тағы бір маңызды жайтқа назар аударды: шамадан тыс жүктеменің де пайдасы шектеулі. Зерттеу барысында күніне шамамен 12 мың қадамнан кейін физикалық белсенділіктің оң әсері бәсеңдей бастайтыны анықталған.
Зерттеу авторлары денсаулықты сақтау үшін тек көбірек жүру жеткіліксіз екенін айтады. Ең маңыздысы – ұзақ уақыт бойы қозғалмай отыруды азайту.