Франциядағы Қазан ереуілін бір тарап тұрмыс құнының өсуі мен мемлекеттік қызметтердің тапшылығы тұрғысынан талдаса, екінші тарап миграция саясатына, елдің демографиялық құрамына назар аударып жатыр. Француз қоғамының соңғы екі ғасырдағы демографиялық құрамы туралы пікірталас қайта күшейді. Қазақстан үшін де бұл тақырыптың өзектілігі бар: еңбек мигранттарынан бөлек 2022 жылдан бері Ресейден ағылып жатқан релоканттар да мемлекеттің әлеуметтік жауапкерлшігіне қосымша жүк түсіретіні анық, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Наразылық қалай басталды
Франциядағы жаппай тәртіпсіздіктердің бастапқы себебі миграция саясатына қатысты талаптар болған жоқ. Қыркүйек айы ортасынан ауғанда Париж маңындағы мектеп оқушылары мұғалім тапшылығы, сыныптардың толып кетуі, оқу ғимараттарының жағдайы және білім беру ресурстарының аздығына қарсы наразылыққа шықты.

21 қыркүйек. Париждің оңтүстік-шығысындағы Кретей қаласындағы Сен-Экзюпери лицейінде бірнеше мұғалімнің орны бос қалуына байланысты оқушылар мектепті қоршауға алды. Қозғалыс кейін Париж өңіріндегі басқа мектептерге тарады.
29 қыркүйек. Оқушылар қозғалысы жалпыұлттық сипат ала бастады. Талаптардың арасында мұғалімдердің жетіспеуі, сабаққа келмеген педагогтердің орнына маман табылмауы, сыныптардағы оқушы санының көптігі, мектеп ғимараттарының тозуы және жоғары оқу орындарына қабылдаудың Parcoursup жүйесіне қатысты наразылық болды.
1 қазан. Білім министрі Эдуар Жеффре бастапқы талаптарды заңды деп мойындағанмен, кейінгі қақтығыстарға радикалды солшыл топтар араласты деп мәлімдеді. Үкімет кейбір мектептердің қоршалуын және қоғамдық мүлікке зиян келтіру әрекеттерін айыптады.
6 қазан. Қозғалысқа басқа әлеуметтік топтар қосылды. Кәсіподақтар мен солшыл саяси күштер білім беру саласындағы проблемаларға қоса, мемлекеттік қызметтердің сапасы мен әлеуметтік теңсіздікті көтерді.
17 қазан. Елдің көптеген қаласында жаппай шерулер өтті. Ұйымдастырушылар қатысушылар санын 800 мың адам деп бағаласа, Ішкі істер министрлігі 550 мың адам болғанын хабарлады. Шерулердің басым бөлігі бейбіт басталғанымен, кейбір қалаларда полициямен қақтығыстар, дүкендерді тонау және ғимараттарды өртеу оқиғалары тіркелді. Премьер-министр Себастьян Лекорню 1 200 адамның ұсталғанын және 150 полиция қызметкері мен жандармның жараланғанын мәлімдеді.
Франциядағы миграция
Франциядағы тәртіпсіздіктерден кейін көші-қон саясатының нәтижесі тағы да саяси даудың өзегіне айналды. Оңшыл күштер елдегі қоғамдық тәртіптің бұзылуын шекаралық бақылаудың әлсіреуімен және мигранттарды интеграциялау саясатының кемшіліктерімен байланыстырады. Бұл пайымдауға қарсы топтар әлеуметтік теңсіздікке, жастардың болашағына, мектептер мен мемлекеттік қызметтердің сапасына назар аударады.
Le Monde 19 қазанда АҚШ-тағы MAGA қозғалысы, Ресейдің саяси дискурсы және Еуропаның оңшыл күштері Франциядағы тәртіпсіздіктерді «миграциялық хаос» пен Батыс қоғамдарының құлдырап жатқанынан дәлел ретінде көрсетіп жатқанын жазды. Басылым бұл түсіндірудің саяси мақсатта пайдаланылып отырғанына назар аударды.
Мұндай саяси пайымдаулардың астарында Францияның демографиялық өзгерісі жатыр. Елдің Ұлттық статистика институтының (INSEE) дерегінше, 2024 жылы елде 7,615 млн иммигрант тұрған. Бұл халықтың 11,2%-ы. 2014 жылы олардың саны 5,967 млн болған. Он жылда иммигранттар саны шамамен 27,6% өскен.
INSEE иммигрант деп өзге елде шетел азаматы болып туған адамды атаған. Кейін Франция азаматтығын алғандарды да осы санатқа жатқызған. 2024 жылы Франциядағы иммигранттардың 34%-ы француз азаматтығын алған.
Бұдан бөлек, Францияда туған, ата-анасының кемінде бірі иммигрант болған 8 млн адам бар. Олар ел халқының шамамен 12%-ын алып тұр.
2024 жылы Францияда тұратын иммигранттардың 48%-ы Африкада туған, олардың 29%-ы Магриб өңірінен шыққан. Еуропада туған иммигранттардың үлесі үштен біріне де жетпейді. Басқаша айтсақ, Францияға бағыт алған көші-қонның географиялық сипаты бірнеше онжылдықта қатты өзгерген.
Әзірге Франциядағы Қазан оқиғаларына қатысқан адамдардың этникалық құрамы туралы толық статистика жарияланбағандықтан, тәртіпсіздікті мигранттардың немесе олардың ұрпақтарының әрекеті деп сипаттауға негіз жоқ.
Жаңаөзен: әлеуметтік жанжалды миграциямен түсіндіру
Франциядағы жағдайды миграция тұрғысынан талқылағанда Қазақстанның өз тарихындағы бір оқиға еске түседі. 2011 жылғы Жаңаөзен трагедиясынан кейін сол кездегі президент кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев Лондондағы Chatham House ұйымында сөйлеген сөзінде жанжалға Түрікменстан мен Өзбекстаннан көшіп келген қазақтардың ықпалы туралы пікір айтты. Ол Жаңаөзендегі халық санының өсуін сырттан келген қазақтармен байланыстырып, көші-қон үдерісіндегі кемшіліктерге назар аударды.
Бұл мәлімдеме қоғамда сын туғызды. Себебі мұнайшылардың ереуілі бірнеше ай бойы жалғасқан еңбек дауына байланысты еді. Жұмысшылар жалақыны көтеруді, еңбек жағдайын жақсартуды талап етті. Human Rights Watch ұйымының зерттеуі еңбек дауының шешілмеуін, ереуілге қатысқан жұмысшылардың жұмыстан шығарылуын және жанжалдың ушығуын негізгі алғышарттардың қатарына қосты.
Ертісбаевтың түсіндіруінде демографиялық өзгеріс пен қандастардың бейімделуі алдыңғы орынға шықты. Ал еңбек қатынастары мен жанжалды реттеу мәселелері екінші қатарда қалды. Бұл тәсіл әлеуметтік-экономикалық дағдарысты халықтың белгілі бір тобының шығу тегімен байланыстыруға мысал болды.
Франциядағы пікірталаспен ұқсастық та осында: миграциялық саясаттың қоғамдық тұрақтылыққа ықпалы туралы сұрақ қоюға болады, бірақ жанжалдың себебін тек этникалық немесе миграциялық факторға тіреу оның басқа себептерін көлеңкеде қалдырады.
Қазақстандағы релоканттар
Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен 14 210 шетел азаматы еңбек еткен. Олардың 6 090-ы Қытайдан, 3 093-і Өзбекстаннан, 1 000-ы Түркиядан, 677-сі Үндістаннан келген.
14 210 адам Қазақстан халқының 0,069%-ына тең. Бұл көрсеткіш жұмыс істеуге рұқсат алған шетелдіктерді қамтиды. Қазақстанда уақытша жүрген барлық шетел азаматының саны бұдан бөлек есептеледі.
2026 жылға шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота 18,1 мың адам болып бекітілген. Үй шаруашылықтарында жұмыс істейтін еңбек иммигранттарына арналған квота – 221,9 мың адам. Бұл екі көрсеткіш нақты жұмыс істеп жүрген адамдардың саны емес, жұмыс күшін тартуға белгіленген квота көлемі.
Релокант ұғымы біздің елде 2022 жылы Ресейде әскери мобилизация жарияланғаннан кейін елге ағылған ресейліктерге қатысты кең қолданылады. Олардың арасында мобилизациядан қашқандар да, саяси жағдайға байланысты кеткендер де, жұмысын немесе тұрғылықты жерін ауыстырғандар да болды.
2022 жылғы 21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин ішінара мобилизация жариялағаннан кейін Қазақстан шекарасында Ресей азаматтарының ағыны күрт өсті. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұған дейін Ресейден күніне орта есеппен 8-9 мың адам кіре, қыркүйектің соңғы онкүндігінде бұл көрсеткіш тәулігіне 30 мыңға дейін жеткен. 29 қыркүйекте Қазақстанға 22,5 мың Ресей азаматы кіріп, 10,1 мыңы шыққан; 30 қыркүйекте 14,9 мың адам кіріп, 11,6 мың адам кеткен.

Сол кезеңде Ресейдің 382 азаматы Қазақстанда тұрақты тұруға өтініш берген, 64 адам азаматтық алуға өтініш тапсырған. Бұл сандар шекарадан өткен адамдардың жалпы санымен салыстырғанда аз. Ресми дерекке сенсек, қыркүйектегі ағынның едәуір бөлігі Қазақстанда тұрақты қалуды көздемеген немесе кейінгі мәртебесі ашық деректерде көрсетілмеген адамдардан тұрған.
Релоканттардың нақты санын анықтайтын бірыңғай ресми статистика жоқ. 2022 жылы шекарадан кірген Ресей азаматтарының бәрін елде қалған релоканттар деп санауға да келмейді.
Қазақстанда орыс тілін ана тілі ретінде қолданатын соңғы 20 жылда бірқалыпты төмендеп келе жатқан. Бұл орыс тілділердің ел аумағынан көшіп кетуінен бұрын қазақ тілді халықтың демографиялық белсенділігінен болып жатқан тенденция деуге келеді. 2009 жылғы ұлттық санақта 15 жастан асқан тұрғындардың 90%-дан астамы орыс тілін білетінін көрсеткен. 2021 жылғы санақта орыс тілін білетіндердің үлесі 83,7% болды.
Ал Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен жүргізілген әлеуметітк-талдамалық зерттеуде бұл көрсеткіш 90,4% деп берілген. 2020 жылы – 90%, 2021 жылы – 90,2% болғаны да көрсетілген.
Айта кету керек, ІІМ шетелдіктерге ЖСН беру тәртібін қатаңдатуды ұсынып, ЖСН рәсімдеу кезінде олардың елде заңды жүргенін тексеруді көздейтін түзетулер жобасын әзірледі. Сонымен қатар, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап шетелдегі Қазақстан елшіліктері мен консулдықтары арқылы ЖСН беру тоқтатылды, алайда жаңа талаптардың күшіне енгені туралы түпкілікті ресми актіні растау қажет.
Медицина, мектеп және тұрғын үй
Қазақстанда әлі де болса, медицина мен білім беру салаларында кадр және инфрақұрылым тапшылығы бар. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, 2026 жылғы 1 қаңтарда елдің медициналық ұйымдарында 23 161 дәрігер штаты, орта медициналық персоналдың 22 649 штаты бос болған.
Алматыда 2025-2026 оқу жылының қорытындысында 360 мектепте 357 225 оқушы білім алған. Қалада мектеп орындарының тапшылығы 29 735-ке жеткен. Әкімдік жүктеменің өсуіне мектеп жасындағы балалар санының артуымен қатар ішкі көші-қон да әсер еткенін хабарлады.
2022 жылы Ресей азаматтарының келуі күрт өскені белгілі. Бірақ олардың қаншасы Қазақстанда қалғаны, қай қалаларда тұрақтағаны, балаларының мектепке қабылдануы немесе медициналық қызметтерді пайдалану көлемі жөнінде біртұтас ресми есеп жарияланбаған.
Дегенмен, қоғамда 2022 жылдың көтеміндегі ресейліктердің ағыны Қазақстанның ірі қалаларында баспана жлдау ақысын қатты өсіріп кеткені туралы түсінік мығым қалыптасқан.
Релоканттар мен шетелдіктер қандай қызметтерді пайдалана алады
Қазақстан заңнамасында «релокант» деген ресми құқықтық санат жоқ. Дегенмен Ресейден келген азаматтардың құқықтары олардың елде уақытша немесе тұрақты тұруына, еңбек етуіне және сақтандыру жүйесіне қатысуына қарай айқындалады. «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 5-бабы көшіп келушілерге білім, медициналық және әлеуметтік көмекті Қазақстан заңнамасында белгіленген тәртіппен алуға құқық береді.
Орта білім
Қазақстанда тұрақты тұратын шетел азаматтарының балалары мемлекеттік мектептерде білім ала алады. Бұған қоса, білім беру қағидалары Қазақстанда уақытша тұратын еңбек мигранттарының балаларын да қамтиды: олар мектепалды, бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беру ұйымдарына қабылданып, Қазақстан азаматтарымен бірдей құқықтарға ие. Бұл тәртіп Оқу-ағарту министрінің 2010 жылғы 28 қыркүйектегі №468 бұйрығымен бекітілген қағидаларда белгіленген, кейін оларға өзгерістер енгізілген.
Тегін медициналық көмек
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 83-бабы бойынша Қазақстанда тұрақты тұратын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар кепілдік берілген тегін медициналық көмекті Қазақстан азаматтарымен тең жағдайда алуға құқылы. Уақытша жүрген шетел азаматтарына тегін медициналық көмек тек айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар бойынша, заңда белгіленген тізім мен көлем шегінде көрсетіледі.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңның 2-бабы Қазақстанда тұрақты тұратын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға МӘМС жүйесінде Қазақстан азаматтарымен тең құқық береді. Уақытша жүрген шетел азаматтары мен олардың отбасы мүшелеріне бұл құқық Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес қолданылады.
Әлеуметтік төлемдер
Әлеуметтік кодекстің 120-бабы бойынша АӘК алушылар қатарына Қазақстанда тұрақты тұратын шетел азаматтары да кіреді. Көмек отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспаған жағдайда тағайындалады. Сондықтан Ресейден келген адамның уақытша тұруы өздігінен АӘК алу құқығын бермейді.