$ 448.61 € 503.83 ₽ 5.48
TOP-2Жаңалықтар

Баланы туа сала сүндеттеуге болмайды – уролог-андролог себебін түсіндінді

Қазақстанда ұл баланы дүниеге келгеннен кейін бірден сүндетке отырғызу үрдісі байқалады. Алайда уролог-андролог Азамат Сандыбайұлы медициналық көрсеткіш болмаса, нәрестені туа сала сүндеттеуге қарсы екенін айтты. Маман баланы 3–5 жасында сүндеттеген дұрыс деп есептейді. Ол бұл туралы MedRoom подкастына айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz

«Баланы 3–5 жасында сүндеттеген дұрыс»

Азамат Сандыбайұлының айтуынша, медицинада сүндеттеу «циркумцизия» деп аталады. Бұл – жыныс мүшесінің басын жауып тұратын күпекті хирургиялық жолмен алып тастау отасы.

Дәрігер сүндеттеудің діни және медициналық себептері бар екенін түсіндірді. Қазақстанда ұл балаларды сүндеттеу мұсылмандық дәстүрмен байланысты болса, мұндай дәстүр кең таралмаған елдерде ота көбіне медициналық көрсеткіштер бойынша жасалады. Атап айтқанда, жыныс мүшесінің басы мен күпегіне байланысты кейбір аурулар, патологиялық фимоз және басқа да медициналық жағдайлар сүндеттеуге негіз болуы мүмкін. Маманның пікірінше, медициналық қажеттілік болмаса, баланы дүниеге келген бойда сүндеттеуге асықпаған жөн.

«Медициналық көрсеткіш болмаса, туа сала сүндеттеуге қарсымын, себебі баланың жыныс мүшесі де қолы мен аяғы сияқты дамиды. Үш жасқа келгенде бала ширай бастайды, өкпесі мен жүрегі жетіліп, тілі шығады. Сондықтан 3–5 жаста сүндеттеген дұрыс», – деді уролог-андролог.

Оның айтуынша, сүндеттеудің бірнеше әдісі бар. Ота жасау тәсілін таңдағанда баланың жасы мен анатомиялық ерекшеліктері ескерілуі керек.

Жаңа туған нәрестені сүндеттеу: дәрігер неге қарсы

Азамат Сандыбайұлы жаңа туған нәрестені сүндеттеу еврей халқының діни дәстүрінде бар екенін атап өтті. Оның сөзінше, соңғы уақытта Қазақстанда да ұл баланы дүниеге келгеннен кейін бірден сүндетке отырғызу үрдісі байқалады, алайда маман мұндай тәжірибені құптамайды. Ол жаңа туған нәрестелер ауырсынуды сезбейді деген пікірмен де келіспейтінін жеткізді.

«Туа сала бала ештеңе сезбейді, жүйке жүйесі ол кезде дамымаған деп айтады, бірақ жаңа туған бала не сезгенін қалай айтып береді?» – деді дәрігер.

Айта кетейік, медициналық деректер жаңа туған нәрестелердің ауырсынуды сезетінін растайды. Сондықтан сүндеттеу кезінде баланың жасына қарамастан ауырсынуды басудың тиімді әдістері қолданылуы тиіс.

«Сүндеттелгеннен кейін қайтыс болған балалар бар»

Уролог-андролог сүндеттеудің хирургиялық ота екенін және оның ықтимал асқынуларын естен шығармау қажеттігін айтты. Маманның пікірінше, мұндай отаны уролог-андрологтер немесе тиісті біліктілігі бар хирургтер жасауы керек. Әсіресе баланың жыныс мүшесінде қандай да бір патология анықталса, бейінді маманның тексеруі маңызды.

«Бұл да – ота. Отаның үлкені немесе кішісі болмайды. Оның асқынулары болады», – деді дәрігер.

Азамат Сандыбайұлы сүндеттеуден кейін ауыр асқынуларға ұшыраған балалар кездесетінін де айтты.

«Халық білмеуі мүмкін, бірақ біз, мамандар, сүндеттелген соң қайтыс болған балалар бар екенін білеміз. Ондай статистика Қазақстанда, Өзбекстанда, Қырғызстанда да бар. Сүндеттің асқынулары бір айналдырса – шыр айналдырады», – деді ол.

Медициналық мәліметтерге сәйкес, сүндеттеуден кейін қан кету, жараның инфекциялануы, жыныс мүшесінің зақымдануы және басқа да асқынулар болуы мүмкін. Дәрігер ата-аналарды сүндеттеуді қарапайым дәстүрлік рәсім ретінде ғана қабылдамай, оның медициналық жағына да жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button