$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Оқиға

«Эмоцияға беріліп кеттім»: Жамбыл облысында оқушыны ұрған мұғалім ұсталды (Видео)

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада ер адамның балаға күш көрсеткені көрінеді. Оқиға Қордай ауданында болғаны анықталып отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Видео жарияланғаннан кейін мұғалім көпшілікке үндеу жасап, баланың отбасынан кешірім сұраған. Оның айтуынша, оқиға шамамен бір жыл бұрын болған. Сол кезде ол баланың анасынан кешірім сұрап, әрекетінің дұрыс емес екенін мойындаған. Мұғалім сол сәтте эмоцияға берілгенін айтып, өз әрекетін педагогке жат қылық деп бағалаған. Үндеуінде бала мен оның отбасынан тағы да кешірім сұраған.

Қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталды

Жамбыл облысының полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.

«Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау туралы бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деп хабарлады департамент.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Полицияның мәліметінше, қазір баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.

Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Олардың қорытындысы бойынша тиісті процестік шешім қабылданады.

Back to top button