TOP-2Спорт

Дастан Сәтпаев «Челсиден» «Бернлиге» ауысатын болды

Сәтпаев «Бернлиге» жалға беріледі

Лондонның «Челси» клубы қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаевты «Бернлиге» бір маусымға жалға бермек. Футболшы қазір жаңа командасының медициналық тексерісінен өтіп жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz BBC Sport дерегіне сүйеніп.

Алғашқы матчқа қатысуы мүмкін

BBC Sport мәліметі бойынша, Сәтпаев «Бернлидің» орналасқан жеріне барып, медициналық тексерістен өтуге кіріскен. Егер жалдау келісімі мен тіркеу рәсімдері уақытында аяқталса, қазақстандық футболшы 16 тамызда Чемпионшиптің алғашқы турында алаңға шығуы мүмкін.

Бұл күні «Бернли» өз алаңында «Вест Хэмді» қабылдайды. Кездесу Англияның екінші дивизионына қайта түскен екі команданың жаңа маусымдағы алғашқы сынағына айналмақ.

«Бернли» өткен маусымда Англия Премьер-лигасында 19-орын алып, Чемпионшипке түсіп қалды. Дегенмен клуб төменгі дивизиондағы соңғы екі маусымында да Премьер-лигаға бірден қайта оралған. Сондықтан Сәтпаев жоғары орындар үшін күресетін командада тұрақты ойын тәжірибесін жинауы ықтимал.

«Челсимен» алты жылдық келісімшарт жасасқан

BBC мәліметінше, Дастан Сәтпаев 18 жасқа толған күні «Челсимен» алты жылдық келісімшартқа қол қойған. Құжатта шартты тағы бір маусымға ұзарту мүмкіндігі де қарастырылған. Бұған дейін БАҚ футболшының Лондон клубымен бес жылға келісімге келгенін жазған еді.

«Челси» мен «Қайрат» Сәтпаевтың трансфері жөнінде 2025 жылғы ақпанда уағдаласты. Алайда ФИФА-ның кәмелетке толмаған ойыншылардың халықаралық ауысуына қатысты талабына байланысты қазақстандық шабуылшы Лондон клубына 18 жасқа толғаннан кейін ғана ресми түрде қосыла алды. Осы аралықта ол «Қайрат» сапында тағы бір жарым маусым өнер көрсетті. Трансфер құны бонустарды қоса есептегенде 4,3 миллион еуроға бағаланған.

Сәтпаев «Челсидің» маусым алдындағы турнесіне қатысып, «Вестерн Сидней Уондерерске» қарсы жолдастық кездесуде гол соқты. Енді лондондық клуб жас шабуылшыға ағылшын футболына бейімделіп, тұрақты ойын тәжірибесін жинау үшін Чемпионшипте мүмкіндік бермек.

Back to top button