TOP-2ЖаңалықтарОқиға

«Бізбен ерегесіп, ұруың керек» деді: Оралдағы тойда құдасын ұрған ер адам мән-жайды түсіндірді

Әлеуметтік желіде соңы төбелеске ұласа жаздаған «Тентек кәде» салтындағы дау қалай өрбігені белгілі болды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Әлеуметтік желіде құдасын ұрған ер адамның аудиожазбасы тарады. Ол тойдағы оқиғаның мән-жайын түсіндірді.

«Өткенде құда түсіп, келін алып келуге барып келдім. Әкелуге барған кезде «Тентек кәде» дей ме, «Хулигандар» дей ме – әйтеуір жұрт недәуір әңгімелер айтып кетті. «Осы жердегі менің міндетім қандай?» деп сұрасам, «Еркек емессің бе? Қарсыласпайсың ба? Ұру керек. Бізбен ерегесу керек, біз осы көшенің бірдеңесіміз» деді. Сөйлеп тұрған жігітке «Сен кішкентайсың ғой. Қойшы. Ұруға тұратын «нормальный жігіт жоқ па?» дедім. Жанында тұрған жігіт «Ал, ұр. Сондай «здоровыйсың ба не, құда?» деді. Сол жерде ұрып жіберіп тұрмын ғой», – дейді ол.

Құда ауыр соққыдан талып қалған.

«Ол талып қалды. 40 минуттан кейін трамвпункте есін жиған. Сөйтіп маған арыз жазып, істі болып жүрген жағдайым бар, бірақ шешілгендей болды. Тиын-тебенін беріп, кешірімін алдық. Тісі мен қабырғасы сынып, басы жарылған», – дейді ол.

Еске салсақ, әлеуметтік желіде тойдағы төбелестің видеосы жарияланып, оған «Тентек кәде» деген жоралғы себеп болғаны жазылды.

Видеодан той болып жатқанын, құдалар бір-біріне қарама қарсы тұрғанын көруге болады. Ер адамның бірі кеудесін керіп, әлдене түсіндіріп тұрса, екінші адам оның бетінен жұдырықпен бір ұрып, құлатты.

Батыс Қазақстан облысының Полиция департаменті бейнежазбада көрініс тапқан азаматтардың жеке басы анықталғанын мәлімдеді.

«Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысы бақылауға алынды. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп жазылған хабарламада.

 

Back to top button