Астанада «жерлеу концертін» өткізген жастар жауапқа тартылды
Астанадағы тұрғын үйлердің бірінің ауласында жастардың қатты шулап, тұрғындар тыныштығын бұзғаны туралы полицияға хабар түскен, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ТАР БӨЛМЕДЕ 65 АДАМ ЖҮРГЕН
Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары жағдайды анықтау барысында үйдің жертөлесінде алдын ала ескертілмеген шара өтіп жатқанын анықтады.
Анықталғандай, жертөледе жастар арасында «жерлеу концерті» деп аталатын бейресми іс-шара ұйымдастырылған.
«Полиция тексерісі кезінде тар бөлмеде шамамен 65 адам болған. Оның 28-і кәмелетке толмағандар. Іс-шара барысы біртүрлі болған. Онда жастар бір-бірін итеріп, қауіпті әрекеттерге барған. Кейбірі киімдерін жартылай шешкен», – делінген Астана полициясы бөліскен ақпаратта.
БАРЛЫҒЫ БӨЛІМШЕГЕ ЖЕТКІЗІЛДІ
Сонымен қатар, нысанда алкоголь өнімдерін сату фактісі анықталды. Оқиғаға қатысушылардың барлығы мән-жайды анықтау және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция бөліміне жеткізілді.
Заң талаптарын бұзған іс-шара ұйымдастырушылары жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмағандармен және олардың ата-аналарымен немесе заңды өкілдерімен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.