Жаңалықтар

Бектенов денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру нәтижелерін тексерді

Цифрландыру медицинадағы 31 млрд теңгенің негізсіз шығынын тоқтатты

Премьер-министр Олжас Бектенов денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық жүйелерді біріктіру және жасанды интеллект технологияларын енгізу барысын тексерді. Үкімет мәліметінше, цифрлық бақылау қазірдің өзінде миллиардтаған теңгенің негізсіз жұмсалуына жол бермей, медицинадағы бірқатар заң бұзушылықты анықтауға мүмкіндік берген.

23 жүйенің орнына бірыңғай цифрлық экожүйе құрылады

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, саладағы 23 бытыраңқы ақпараттық жүйеден e-Densaulyq бірыңғай экожүйесіне көшу жұмыстары жүріп жатыр.

Қазір 21 мыңнан астам медициналық ұйым, 221 мың медициналық техника және 257 мың медицина қызметкері туралы дерек цифрландырылған. Ақпаратты біріктіру нәтижесінде 1,4 миллион рецептіге байланысты пациенттердің ескірген 400 мың картасы жүйеден алынып тасталды. Бұл 31 млрд теңге көлеміндегі шығынның алдын алуға мүмкіндік берген.

Медициналық қызметтерді негізсіз тұтыну көрсеткіші 7,1 пайызға немесе шамамен 7 млрд теңгеге азайған. Ал жүйедегі қателерді анықтау тиімділігі 3,5 есе артты.

Президент тапсырмасына сәйкес, барлық жекеменшік медициналық платформаны біріктіретін Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құрылып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты 12 жүйенің жетеуі қазірдің өзінде біріктірілген. Соның арқасында мәлімет бір рет енгізіліп, қажетті құжаттар автоматты түрде жасалады. Дәрігерлердің ақпарат толтыруға жұмсайтын уақыты 40 пайызға қысқарған.

Цифрлық бақылау барысында лицензиясыз жұмыс істеген 38 медициналық ұйым анықталды. Оның 27-сінің қызметі тоқтатылды. Сертификаттарының мерзімі аяқталған 2 188 медицина қызметкері де жұмыстан уақытша шеттетілген.

Жүйелерді біріктіру қайтыс болған азаматтарға қызмет көрсетілгені туралы жалған жазбаларды, дәрігердің бірнеше өңірдегі мекемелерде бір уақытта жұмыс істеуін және көрсетілмеген қызметтерді тіркеу әрекеттерін анықтауға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, 5,6 млн адам дәрігер қабылдауына онлайн жазылу қызметін пайдаланған. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтарға скринингтен өту қажеттігі туралы автоматты хабарлама жіберу жоспарланып отыр.

Денсаулық сақтау және ішкі істер органдарының жүйелерін байланыстыру нәтижесінде көлік жүргізуге медициналық қарсы көрсетілімі бар азаматтар да анықталған. Бүгінде 10 мыңға жуық жүргізуші куәлігінің қолданылуы тоқтатылды.

Дәрі-дәрмекті таңбалау жүйесімен 1 млрд-тан астам қаптама қамтылды. Мониторингке алынған 3 мың препараттың 1 595-інің бағасы өзгермеген, ал 800 дәрінің құны төмендеген. Жалпы экономикалық тиімділік 42,5 млрд теңгені құрады.

ЖИ диагноз қою уақытын төрт есе қысқартады

Жиында медицина саласына енгізіліп жатқан жасанды интеллект жобалары да таныстырылды.

Вакциналарды сақтау және тасымалдау жағдайын автоматты түрде бақылайтын «Суық тізбек» жобасы 1 қазаннан бастап бүкіл ел аумағында кезең-кезеңімен іске қосылады. Жүйе 3,5 мыңнан астам нысан мен 800 арнайы көлікті қамтиды. Температура датчиктері вакцинаның сақталу жағдайын, ал GPS жүйесі оның тасымалдануын бақылайды.

Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі үшін смарт-бейнежетондар да енгізілмек. Қауіпті жағдай туындаған кезде құрылғы полицияның Жедел басқару орталығына автоматты түрде сигнал жібереді. Жыл соңына дейін мұндай жетондармен 2,1 мың жедел жәрдем бригадасы және 3,8 мыңнан астам медицина қызметкері қамтылады.

Астана, Шымкент және Жамбыл облысындағы стационарлардың қабылдау бөлімдеріне агрессия белгілерін анықтайтын «ақылды» камералар мен SOS батырмалары орнатылып жатыр.

Шалғайдағы елді мекендер үшін телемедицина мүмкіндігі де кеңейтілген. Жыл басынан бері 1 млн-нан астам онлайн кеңес өткізіліп, 2,1 млн адам қашықтан медициналық қызмет алған. Олардың 39 пайызы – ауыл тұрғындары. Жоба 655 фельдшерлік-акушерлік пункт пен дәрігерлік амбулаторияны, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесінің 72 мекемесін қамтиды.

Телемедицина арқылы оқушыларды алдын ала тексеру де басталды. Бұл қызметті 8 мыңға жуық мектепке жеткізу жоспарланған.

Ал ЖИ қолданылатын орталықтандырылған телерадиология жүйесі елдегі 400-ден астам медициналық мекемені байланыстырады. Алгоритмдер КТ, МРТ және маммография нәтижелерін талдап, диагноз қоюға кететін уақытты төрт еседен астам қысқартады. Патологияны ерте анықтау көрсеткіші 32,2 пайызға артқан.

Олжас Бектенов барлық медициналық ақпараттық жүйені біріктіріп, тиімді ЖИ шешімдерін өңірлерге кеңінен енгізуді тапсырды. Оның айтуынша, цифрландырудың негізгі нәтижесі медициналық қызмет сапасының артуы, шығындардың оңтайландырылуы және азаматтар үшін әкімшілік кедергілердің азаюы болуы керек.

Back to top button