$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

Bek Air иесі қамауға алынды

Алматыда Bek Air әуекомпаниясы иесі Нұрлан Жұмасұлтанов ұшақ қозғалтқыштарын аса ірі мөлшерде ұрлады деген күдікпен ұсталып, екі айға қамалды, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

Ұшақ радардан жоғалған

ҰҚК тергеу жүргізіліп жатқанын растаған. Тергеу нұсқасына сәйкес, әуежайда жоғалған қозғалтқыштардың бірі кейін 2019 жылғы әуе апатына ұшыраған Bek Air ұшағынан табылған.

2019 жылдың 27 желтоқсан айында Алматыдан елордаға ұшып шыққан Bek Air компаниясының ұшағы радардан жоғалды. Кейінірек 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды.

Қайтыс болғаннан кейін сотталды

Ұшақ жерге құлаған соң сырғанап барып әуежай аумағына жақын жердегі ауыл шетіндегі екі қабатты үйге соғылған болатын. Апат салдарынан 12 адам ажал құшты.

Бірнеше жылдан кейін апатқа қатысты қылмыстық іс бойынша ұшақ экипажының мүшелері кінәлі деп танылып, олар қайтыс болғаннан кейін сотталды.

Осы іспен қатар Алматы әуежайы аумағында сақталған Fokker-100 ұшақтарының қозғалтқыштарының жоғалуына қатысты бөлек тергеу жүргізілді.

Қозғалтқыштардың ұрланғанын растайтын бейнежазба, я болмаса куәгерлер болмады. Дей тұрғанмен кейін апатқа ұшыраған ұшақтың бір қозғалтқышы бұрын жоғалған агрегаттардың бірі екені анықталған.

Қылмыстық іс ҰҚК-ға өтті

Тергеушілер қозғалтқыш консервацияда тұрған ұшақтан алынып, артынша Bek Air әуекомпаниясына тиесілі басқа ұшаққа орнатылғанын анықтады.

Биыл бас көлік прокуратурасы қылмыстық істі ұлттық қауіпсіздік комитетіне берген. Комитет тергеушілері қозғалтқыштың Bek Air ұшағында болғанын ескеріп, әуекомпаниясының иелері не басшыларының іске қатысы болуы мүмкін деп болжады.

Back to top button