$ 452.12 € 508.95 ₽ 5.41
Жаңалықтар

Бауыржан Байбектің 90 млн теңгелік сағаттары ұрланған: күдікті ұсталды

Астанада Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбекке тиесілі қымбат қолсағаттар топтамасының ұрлануына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Полиция 31 жастағы күдіктіні ұстаған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Оқиға туралы алғаш журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында жазды. Оның мәліметінше, күдік бұрын Байбектің көмекшісінің көмекшісі болып жұмыс істеген Нұрболат есімді азаматқа түскен.

Журналистің жазуынша, ол түрлі тапсырмаларды орындау барысында үйдегі бағалы заттардың қай жерде сақталатынын білген.

Сағаттардың орнына көшірмесін қалдырған

Козачковтың мәліметінше, Байбек отбасымен бірге шетелге демалысқа кеткен кезде күдікті қызметтік көліктен үйдің қосалқы кілтін алып, баспанаға кірген. Ол қымбат сағаттарды алып кетіп қана қоймай, олардың орнына көшірмелерін қалдырған деген ақпарат бар. Сондықтан үй иелері ұрлықты бірден байқамаған.

Журналистің дерегінше, Breguet, Blancpain, Hublot, Jaeger-LeCoultre және A. Lange & Söhne маркаларының сағаттары қолды болған. Козачков ұрланған топтаманың жалпы құнын шамамен 90 млн теңгеге бағалайды.

Үй иелері елге оралғаннан кейін сағаттардың ауыстырылғанын байқап, полицияға арыз түсірген.

Астана қаласының полиция департаменті сағаттардың ұрлануына қатысты күдіктінің ұсталғанын растады.

«Сағат ұрлау фактісі бойынша полиция 31 жастағы күдіктіні ұстады. Қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жалғасуда», – делінген полиция хабарламасында.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button