Банктерде биометриялық тексерудің жаңа ережесі күшіне енді
Енді клиенттерді сәйкестендіру бет-әлпет арқылы іске асырылады. Пайдаланушы камера алдында бірнеше қарапайым әрекетті орындаса жеткілікті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ЖАҢА ТАЛАПТР НЕНІ КӨЗДЕЙДІ
Zan.gov.kz мәліметінше, Қазақстанда банктерге, жекелеген банктік операцияларды жүзеге асыратын ұйымдар мен микроқаржы ұйымдарына арналған биометриялық аутентификацияның жаңартылған ережелері күшіне енді.
Жаңа талаптарға сәйкес, биометриялық тексеру клиенттің бет бейнесі арқылы жүзеге асырылады. Ол бірнеше кезеңнен тұрады:
– құрылғы камерасы арқылы клиенттің нақты уақыттағы бейнесін алу;
– сәйкестендіру деректерін жинақтау;
– эталондық бет бейнесін қалыптастыру;
– ағымдағы және эталондық бейнелерді салыстыру.
КҮМӘН ТУЫНДАСА, ҚАЙТА ТЕКСЕРІЛЕДІ
Жүйе алаяқтықтың алдын алуға бағытталған қосымша тексерістермен күшейтілген. Атап айтқанда, пайдаланушының бейнесі жалған емес екенін растау үшін кемінде үш түрлі пәрмен немесе сигнал беріледі. Бұл – кадрда көзге көрінетін өзгерістерді талап ететін әрекеттер. Мысалы, басын бұру, бет әлпетін өзгерту секілді қимылдар. Егер кез келген пәрмен бойынша күмән туындаса, тексеру қайта жүргізіледі. Қатарынан үш сәтсіздік тіркелсе, пайдаланушы тексеруден өтпеген болып есептеледі.
Жаңа талаптар қаржы секторындағы алаяқтық тәуекелдерін азайтып, цифрлық қызметтерге деген сенімді арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, техникалық қауіпсіздік шаралары да күшейтілді: сәйкестендіру барысында берілетін барлық дерек шифрланады, – делінген мәліметте.