Балабақшадағы шу: ер адам балаға кеңсе пышағымен шабуыл жасаған

Маңғыстау облысында балабақша меңгерушісінің ұлы ұйықтап жатқан балаға кеңсе пышағымен шабуылдаған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
БАСҚАРМА МӘЛІМЕТІ
Lada.kz басылымы мәліметінше, оқиға Жетібай ауылында болған. Кейінірек Маңғыстау облыстық білім басқармасы “Жауқазын” балабақшасында тексеру жүргізіп, меңгерушінің ұлы мен тәрбиеленушілердің бірінің арасында болған оқиға расталды.
Басқарма мәліметінше, 20 сәуір күні тынығу сағаты кезінде балабақша меңгерушісінің ұлы “Көгершін” ересек тобына кіріп, ұйықтап жатқан балаларды оятқан. Кейінірек ол тәрбиеленушілердің біріне кеңсе пышағымен жарақат салған.
Оқиға кезінде топта тәрбиеші де, тәрбиешінің көмекшісі де болмаған.
“Топ тәрбиешісінен түсініктеме алынды. Одан өзге заңнама талаптарының бұзылуы мен жұмыстағы кемшіліктерді жою туралы ұсынымдар берілді”, – делінген облыстық білім басқармасы ақпаратында.
БІЛІМ БӨЛІМІ БҰЙРЫҚ ШЫҒАРДЫ
Аталған оқиғадан соң Қарақия аудандық білім бөлімі балабақша меңгерушісімен еңбек шартын бұзу туралы бұйрық шығарды.
Бұдан бөлек, кәмелетке толмаған баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамаған балабақша меңгерушісі мен топ тәрбиешісі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.