TOP-2

Атыраудағы қанды қылмыс: Ақбаянның кісі өліміне қатысы жоқ болып шықты

Атырау облысына қарасты Жангелдин ауылында көз жұмған отбасы мүшелерінің қызы әрі қарындасы, сондай-ақ Сұлтан Сәрсемәлиевтің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның кісі өліміне қатысы жоқ екені белгілі болды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ПРОКУРОР КӨМЕКШІСІНІҢ АЙТҚАНЫ

Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбектің айтуынша, Ақбаян Мұқанғалиева тарапынан адам өлтіру фактісіне қатысты құқықбұзушылық анықталмаған.

Оның кісі өлтіру оқиғасына қатысы болмағандықтан, өзіне қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды. Ал қылмыс туралы хабарламау дерегі бойынша бөлек іс тіркелген. Алайда оған әлі құқықтық баға берілген жоқ. Ақбаян Мұқанғалиева бұл іс бойынша күдікті ретінде танылмаған. Оған қатысты ешқандай бұлтартпау шарасы қолданылмады, – деді Жандар Болатбек.

САРАПТАМА ЖҮРГІЗІЛДІ

Прокурор сөзінше, Ақбаян Мұқанғалиеваның психикалық жағдайына байланысты Алматы қаласында психиатриялық сараптама жүргізілген.

Сараптама қорытындысы дайын деген ақпарат бар. Бірақ бізге әлі келіп түспеді. Қорытынды алынғаннан кейін жан-жақты зерттеледі. Қажет болса қосымша сараптама тағайындалады, – деді облыс прокурорының көмекшісі.

Яғни оның әрекетіне құқықтық баға психикалық жағдайы толық анықталғаннан кейін беріледі.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, Ақбаян Мұқанғалиева Алматыдан Атырауға оралып, қазір облыстық психиатриялық орталықта жатыр. Ал төрт адамның өліміне күдікті деп танылған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот 18 мамыр күні сағат 11:00-де өтеді. Іс ашық форматта қаралады.

МӘН-ЖАЙЫ

Еске салайық, өткен аптада Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталған болатын.

Күдіктіге ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағы («екі немесе одан көп адамды өлтіру»), сондай-ақ 188 және 190-баптары бойынша – мал сату және банк карталарын жымқыру фактілері негізінде қылмыстық іс қозғалған.

Back to top button