$ 452.12 € 508.95 ₽ 5.41
ЖаңалықтарПікір

Астанада түркі әлемінің ортақ болашағы талқыланды

2026 жылғы 29–30 қазанда Анкарада өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының 13-ші ресми саммиті қарсаңында Түркия Президенті Әкімшілігінің Коммуникациялар басқармасы мүше елдерде «Түркі әлемі диалогтары: ортақ болашақ, ортақ көзқарас» атты панельдік кездесулер ұйымдастырып жатыр. Бүгін Астанада панельдік отырыс өтті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қатысушылар қатарында ТМҰ-ға мүше және бақылаушы елдердің дипломаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, сараптамалық-зерттеу орталықтарының мамандары, білім және ғылым саласының өкілдері, түрколог ғалымдар, медиа басшылары мен журналистер, бизнес және қоғамдық ұйым өкілдері болады.

Аталған шарада түркі әлемінің ортақ әліпбиі, ортақ тарих пен тілдің халықтарды жақындастырудағы рөлі, экономикалық және стратегиялық ынтымақтастық, ғылым мен білім саласындағы байланыстар, мәдени және кәсіби ынтымақтастық, медиа және коммуникация, жаһандық өзгерістер жағдайындағы түркі әлемінің ортақ болашағы талқыланды.

«Түркі әлемінің медиа ынтымақтастығын күшейту қажет»

Түркия Президенті Әкімшілігі Коммуникация басқармасының басшысы Бурханеттин Дуран видеоүндеу арқылы байланыс орнатты.

«Түркі мемлекеттері ұйымы – өңірлік бейбітшілікке үлес қосатын, өзара байланыстарды нығайтып, экономикалық дамуды қолдайтын және халықаралық ынтымақтастыққа ашық ұстанымды ілгерілететін ұйым. Каспий арқылы өтетін Орта дәліз, энергетика және көлік желілері, сауда интеграциясы мен цифрлық экономика, жасанды интеллект, апаттар мен төтенше жағдайларды басқару сынды көптеген салада дамып келе жатқан серіктестік Түркі әлемінің зор әлеуетін нақты көрсетеді», – дейді Бурханеттин Дуран.

Оның айтуынша, жалған ақпарат, өшпенділік тілі мен цифрлық манипуляция қоғамымыздың тыныштығына, мемлекеттік институттарға деген сенімге және елдеріміз арасындағы ынтымақтастыққа кері әсер етуі мүмкін.

«Сондықтан Түркі мемлекеттері ретінде медиа және коммуникация саласындағы ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтып, ақпарат пен тәжірибе алмасуды арттыруымыз, ортақ платформаларды дамытуымыз және әсіресе дағдарыс кезеңдеріндегі коммуникациялық әлеуетімізді күшейтуіміз қажет.Осыған байланысты, Түркі мемлекеттері ретінде медиа және коммуникация саласындағы ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтып, ақпарат пен тәжірибе алмасу аясын кеңейту, ортақ платформаларды дамыту, әсіресе дағдарыс кезеңдеріндегі коммуникация әлеуетін арттыру қажет. Ортақ тілімізді, мәдени мұрамыз бен өркениеттік құндылықтарымызды цифрлық кеңістікте кеңінен танытудың да маңызы зор», – дейді ол.

Қазақстан мен Түркия бірге не өндіре алады?

Фото: Жанат Момынқұловтың жеке архивінен

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, философия ғылымдарының кандидаты Жанат Момынқұлов түркі әлемі – егемен мемлекеттер өз ерекшеліктерін сақтай отырып, ортақ тарихы, тілі мен мәдени жақындығына сүйене отырып, бір-бірінің экономикалық, технологиялық, логистикалық және адами әлеуетін арттыра алатын ынтымақтастық кеңістігі деп санайды.

Ол Қазақстан мен Орталық Азия тұрғысынан бір сұрақ қойды.

«Түркиядан не күтеміз? Меніңше, енді біздің үмітімізді тек «көбірек сауда» немесе «көбірек инвестиция» деп сипаттау жеткіліксіз. Біз Түркияны тек маңызды сауда серіктесі ретінде емес, бірге өндіріс жүргізе алатын, технология дамыта алатын, үшінші нарықтарға бірге шыға алатын және жаһандық құн тізбектеріне бірге кіре алатын стратегиялық экономикалық серіктес ретінде көргіміз келеді. Қысқаша айтқанда, біз Түркияның Орталық Азияға жай ғана келуін емес, Орталық Азияда тереңірек орнығуын күтеміз, өйткені бүгінде мәселе тек Түркияның Орталық Азияға не сататынында емес.Негізгі сұрақ: Түркия мен Қазақстан бірге не өндіре алады? Түркия мен Өзбекстан қандай өндірістік тізбектер құра алады? Түркия мен Әзербайжан қандай жаңа технологияларды дамыта алады? Қазақстан мен Қырғызстанның экономикалық әлеуетін қалай байланыстыруға болады? Осы елдердің барлығы Түркиямен бірге үшінші нарықтарға қалай шыға алады? Меніңше, шынайы экономикалық интеграция дәл осы жерден басталады», – дейді ол.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Түркия бірге тау-кен технологиясы, өңдеу, машина жасау, логистика, қаржыландыру және түпкілікті өнім өндіру тізбегін құра алса, онда шынайы ортақ экономикалық құндылық пайда болады.

«Бұл модельде тек Түркия немесе Қазақстан ғана ұтпайды. Бүкіл Түркі әлемі ұтады», – дейді ол.

 

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button