Астанада тапсырыспен үй өртемек болған ер адам сотталды
Астана прокуратурасы мәліметінше, қаскөй үйде адамдар барын білсе де, өртегіш құрылғыларды үйге қарай лақтырған, деп хабарлайды Tizgin.kz елордалық прокуратураға сілтеме жасап.
ПРОКУРАТУРА МӘЛІМЕТІ
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, әлеуметтік желі арқылы қосымша жұмыс іздеген ер адам 2 мың доллар үшін Instagram арқылы тапсырма алған.
“Қаскөй үйде адамдар бар екеніне қарамастан, алдын ала дайындалған өртегіш құрылғыларды үйге қарай лақтырып, адамдардың денсаулығына қауіп төндірді”, – делінген прокуратура ақпаратында.
Алайда ол өзіне қатысты емес жағдайларға байланысты қылмыстық ниетін соңына дейін жеткізе алмаған.
СОТТАЛУШЫ БҰРЫН ДА ІСТІ БОЛҒАН
Сот сотталушыны бөтеннің мүлкін жоюға оқталу бойынша кінәлі деп таныды. Оның бұрынғы өтелмеген соттылығын ескере отырып, оған түпкілікті 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.