Астанада қонақүйдің кәрізінен нәресте табылды: күдікті әйел ұсталды

Астанада тұрғындарды шошытқан оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс бойынша тергеуді бастады. Қонақүйдің кәріз жүйесінен нәресте табылып, оған қатысы бар деген күдікпен 29 жастағы әйел ұсталды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Әлеуметтік желідегі Threads платформасында елорда азаматы тұрғын үйдің жанында орналасқан қонақүйге қатысты шағым жариялаған. Оның айтуынша, тұрғындар аталған нысанға байланысты полицияға бірнеше рет жүгінген.
Желіде тараған мәліметке сәйкес, қонақүйге келген әйелдердің бірі бөлмедегі дәретханада босанып, кейін жаңа туған нәрестені кәріз ағызғышына тастаған. Кейін кәріз жүйесінен шамамен алты айлық ұрықтың белгілері бар нәресте табылғаны айтылған.
Астана қалалық полиция департаменті бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын растады. Қазір қажетті сараптамалар тағайындалып, қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысы бар тұлға анықталған.
Кейін полиция күдікті ретінде 29 жастағы әйелдің ұсталғанын хабарлады.
Сондай-ақ, құқық қорғау органдарының мәліметінше, жыл басынан бері аталған қонақүйге қатысты «102» арнасына 19 хабарлама түскен. Тыныштықты бұзғаны үшін 13 адам, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін тағы 3 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Полиция қонақүй иесіне құқық бұзушылықтардың туындауына ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыным енгізген. Қазіргі уақытта аталған нысан полицияның ерекше бақылауына алынған.