
Мұғалімдер күні қарсаңында және де өзінің 15 жылдық мерейтойына орай Bilim Group қазақстандық EdTech экожүйесі MUGALIM әлеуметтік жобасын таныстырды. Жоба аясында “Мұғалім” деректі фильмдер сериясы жарық көрді. Арнайы шараға 100-ден астам мұғалім, мемлекеттік орган өкілдері және білім беру саласының сарапшылары жиналды. Олар фильмдер сериясының түсірілім барысымен танысып қана қоймай, арнайы пікірталасқа да қатысты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Mugalim деректі жобасы өз ісі арқылы оқушылары, мектебі, қауымдастығы мен жалпы білім беру жүйесіне оң өзгеріс енгізіп жүрген Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген үш мұғалім туралы баяндайды. Түркістан облысының мұғалімі Ақсәуле Жақыпбекова шахматты бастауыш сыныптың пәндерімен ұштастыра отырып, балалардың логикасы мен ойлау қабілетін дамытып келеді. Қостанай облысының тумасы Степан Галкин ауыл мектебін қоғамның тұрмыс-тіршілігінің негізіне айнылдырып жатыр. Ал Сәтбаев қаласынан шыққан Дана Абельдинова дебат клубын құру арқылы оқушылардың ағылшын тілін жетілдіріп, оларды сыни тұрғыдан ойлауға және өз пікірін нақты дәлелдер негізінде жеткізуге баулиды.

«15 жыл бойы біз туралы біздің сандар сөйлеп келді: ондаған мың цифрлық сабақ, миллиондаған қолданушы мен миллиардтаған баға. Бірақ осы сандардың артында әрдайым қарапайым адамдар, ал ең бастысы мұғалімдер тұр. Еліміз олардың бейнесін көріп, үнін естісе екен деген толғаныс нәтижесінде Mugalim деректі сериясы мен “Bilim бейнесі” фотожобасы пайда болды. Жұмыс барысында мені ең таңғалдырғаны – педагогтер қиындықтарын сирек сөз етіп, өз оқушылары мен оларға арналған мүмкіндіктер туралы көп айтқаны болды. Олар кімнің қандай жетістікке жеткенін, қайда оқуға түскенін, кім туған ауылына оралғанын сағаттап айта алады. Бұл білім саласы үшін көбірек еңбек етуге итермелеп қана қоймай, мұғалімнің рөліне жаңаша қарауға мүмкіндік береді», – дейді Bilim Group бас директоры Александр Савченко.
Үш фильмнен тұратын деректі топтама 22 қыркүйектегі іс-шарада таныстырылып, сол күні YouTube желісінде ресми жарияланды – Mugalim сериясын сілтеме арқылы көруге болады. Шара аясында «Өзгеріс мұғалімнен басталады: бастамашыл педагогтерді қалай қолдау керек» тақырыбында public talk өтті. Пікірталасқа жоба кейіпкері Дана Абельдинова, білім саласы сарапшысы Құралай Байтажикова, педагог-тренер Ескендір Бестай қатысып, Астанадағы ЕҚЫҰ (ОБСЕ) офисінің аккредитацияланған медиа және PR сарапшысы Салтанат Әскербекқызы модератор болды. Қатысушылар бастамашыл мұғалімдердің тәжірибесі дамып, қалайша білім беру саласындағы орнықты өзгерістерге ұласа алатынын талқылады және ең бастысы – педагог мұны жалғыз өзі жасауы керек пе деген мәселені көтерді.

«Бүгінде балалардың терең әрі жан-жақты ойлау қабілетін дамыту мен үшін өте маңызды болып көрінеді. Ой-өрісі кең, ойлау деңгейі жоғары, тығырықтан шығу жолын таба білетін және өз позициясын дәлелдей алатын ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Өйткені ертең дәл осы балалар еліміздің болашағын құрайды. Біз білім беру процесінде тек мұғалім оқушыға білім береді деген түсінікпен шектелмеуіміз керек. Мұғалімнің де өз оқушыларынан және басқа адамдардан үйренері бар. Сондықтан біз өзіміз де үнемі дамып отыруымыз қажет», – деп түсіндірді Дана Абельдинова.
Сондай-ақ іс-шарада 1 қазанда іске қосылатын «Bilim бейнесі» ұлттық фотожобасы жарияланды. Бұл – Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі мұғалімдердің ауқымды цифрлық галереясы. Жоба аясында педагогтер фотосуреттер мен кішігірім қанатты сөздер арқылы өз мамандығы, құндылықтары және мұғалім болудың өздері үшін мәні туралы баяндайды. Bilim Group өкілдері атап өткендей, жоба педагогтерді негізге ала отырып, еліміздің бүгінгі білім саласының шынайы портретін жасауды көздейді. Ал «Bilim бейнесі» жобасының бірден-бір ерекшелігі – оның мазмұнын кейіпкерлер, яғни мұғалімдердің өзі қалыптастырады.
«Біздің ұлы ойшылдарымыз бен ақын-жазушыларымыз көптеген керемет шығармаларын педагогтерге арнап жазған. Жыл сайын Білім күні мен Мұғалімдер күнінде салтанатты шараларда мұғалім мамандығының маңызы, оны құрметтеу мен бағалау қажеттігі туралы сөздер айтылады. Бірақ біз оларды іспен көрсетпесек, мұның бәрі құр сөз күйінде қала береді. “Bilim бейнесі” фотожобасы — сондай нақты қадамдардың бір мысалы. Бұл бастама мұғалімдерді қолдауға және олардың еңбегін бағалауға бағытталған басқа да жобаларға түрткі болады деп сенеміз», — деп атап өтті Александр Савченко.
Іс-шара аясында деректі фильм таныстырылымымен қатар, педагогтер мен білім беру саласының сарапшыларының қатысуымен «Өзгеріс мұғалімнен басталады: бастамашыл педагогтерді қалай қолдау керек» тақырыбында Public Talk өткізілді.
Bilim Group – 15 жылдан астам уақыт бойы балабақшадан бастап кәсіби дамуға дейінгі барлық оқу жолын қамтитын кешенді шешімдерді дамытып келе жатқан ұлттық цифрлық экожүйесі. Bilim Group мемлекет пен мектептерге Қазақстанның барлық өңірінде қолжетімді әрі тұрақты оқытуды қамтамасыз етуге көмектеседі. Бүгінгі таңда экожүйе шешімдерін 5 миллионнан астам адам, 350 мыңнан астам педагог және 6 мыңнан астам мектеп пайдаланады.