TOP-2Оқиға

Астанада жас жігіт Lexus-пен жаяулар жолында жүйткіп, видеосын желіге мақтана салған

Астанадағы Lexus жүргізушісі тротуармен жүріп өткен сәтін видеоға түсіріп, оны әлеуметтік желіде жариялаған, деп хабарлайды Tizgin.kz қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Lexus маркалы автокөлікті басқарған 19 жастағы жүргізушінің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны анықталған.

Полиция таратқан видеода жүргізушінің автокөлікпен тротуардың үстімен жүріп өткенін көруге болады. Осылайша ол жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысының өзге де қатысушыларына қауіп төндірген. Сонымен қатар құқық бұзушылық бейнеленген видеоны өзі әлеуметтік желіге жариялаған.

Жүргізілген тексеру нәтижесінде тәртіп бұзушының жеке басы анықталды.

Ол тротуармен жүргені, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінсіз көлік басқарғаны және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Көлік коммуналдық айып тұрағына қойылған. Сот шешімімен жүргізуші 7 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

«Елордалық полиция азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Қауіпсіздік талаптарын әдейі елемеу айналадағы адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін ұмытпаған жөн.

Заңды өрескел бұзудың әрбір дерегіне құқықтық тұрғыдан қатаң баға беріледі», – деп мәлімдеді полиция өкілдері.

Back to top button