Астана матч кезінде аяғын орындыққа қойған жанкүйерге айыппұл салынды

Астанада өткен «Астана» – «Ақтөбе» футбол матчы кезінде қоғамдық тәртіпті бұзған көрермен әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Іс Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Сот материалдарына сәйкес, азамат Т. матчты трибунадан тамашалап отырған кезде алдыңғы қатардағы орындықтың арқалығына жалаңаяқ аяғын қойып, айналасында отырған адамдарға оғаш әрекет көрсеткен. Оның бұл әрекеті қоғамдық тәртіпті бұзу ретінде бағаланған.
“Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтып, оқиғаның мән-жайын растаған. Азаматтың кінәсі әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазба арқылы дәлелденген. Атап айтқанда, Instagram-да тараған видео сотта негізгі дәлелдердің бірі ретінде қаралған. Сот әкімшілік жаза тағайындау кезінде құқық бұзушылықтың сипатын, оның қоғамдық тәртіпке әсерін және айналасындағыларға құрметсіздік танытқанын ескеріп, азамат Т.-ға 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салу туралы қаулы шығарды”, – делінген хабарламада.
Еске салайық, әкімшілік кодексінің 434-бабының 1-бөлігіне сәйкес, ұсақ бұзақылық жасағандарға 20 АЕК көлемінде айыппұл, 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 5 тәуліктен 10 тәулікке дейін әкімшілік қамақ жазасы көзделген. Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
