АҚШ-та Мұхтар Мағауиннің бейітіне құлпытас орнатылды
Америкадағы «Мұхтар Мағауин атындағы Қазақ ұлттық мәдени-ағарту орталығының» ресми таныстырылымы өтті.
Бүгін Вашингтонда қазақтың ұлы жазушысы, зерттеушісі әрі тарихшысы Мұхтар Мағауиннің бейітінің басына құлпытас орнатылыпды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бұл туралы Вашингтонда тұратын қазақстандық Сапарбек Нағашыбеков әлеуметтік желіде жазды.
«Мұхтар Мағауин бүкіл саналы ғұмырын қазақ халқына арнады. Ол 85 жасқа келгенше 27 томдық еңбегін жазып, қазақтың бес ғасырлық тарихын рухани тұрғыда түгендеп берді. Болашақ ұрпақ атамыздың ұлы еңбегін әлі талай бағалайтыны сөзсіз. Қазақтың тарихында осыншама кітаптар жазған жазушы болмаған», – деп жазды Сапарбек Нағашыбеков Facebook парақшасына.
Оның айтуынша, Мағауин атамыздың еңбектері басқа ұлтпен, жұртпен тереземіз тең екенін, бай тарихымыз бар екенін ұғындырды.
«Мұхтар Мағауин жатқан жер де енді қазақ үшін киелі мекен деп қабылданары сөзсіз. Қазақ қалай Берлинге барғанда Мұстафа Шоқайды іздесе, енді солай Америка астанасына келгенде Мағауин басына келемін деп ниет етері ақиқат. Қазақ тарихынан бір университет беретін білімді жазып кеткен ұлы тұлға – білімде, тарихта, кітапта шекара жоқтығын көрсетіп тұрғандай. Қайда топырақ бұйырғаны жәй шарттылық. Ал, орындалған миссия, артынан қалған еңбек, міне ол – шексіз! Мәңгілік! Вашингтонда біздің Kazakh American Association ұйымдастырған Наурыз мерекелері мен түрлі басқосуларға Мұхтар атамыз үнемі қатысып, батасын беріп, тағылымды әңгімелерімен рухымызды көтеріп отыратын. Ол — Вашингтондағы қазақтардың асқар тауы еді», – деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Посмотреть эту публикацию в Instagram