ЖаңалықтарЭкономика

«Бұл маған ұнайды»: АҚШ президенті инфляция мен мұнай нарығы туралы айтты

АҚШ президенті Дональд Трамп соғыс аяқталғаннан кейін жағдай өзгеретінін айтты.

АҚШ президенті Дональд Трамп елдегі инфляцияға қатысты пікір білдірді. АҚШ-та тұтыну бағаларының индексі мамыр айында соңғы үш жылдағы ең жоғары деңгейге жетіп, 4,2%-ды құрады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Ақ үйдің Овальды кабинетінде журналистер президенттен бұл көрсеткіш алаңдата ма деп сұрады. Трамп бұл жағдай өзіне ұнайтынын айтты.

«Бұл маған ұнайды. Көрсеткіштер жақсы болды. Білесіз бе, маған не қатты ұнайды? Маған инфляция ұнайды, өйткені Иранмен соғыс аяқталғаннан кейін бәрі өзгереді. Біз миллиондаған баррель мұнай жеткізілімін қамтамасыз еттік, бірақ оны көпшілік білмейді», – деді Ақ үй басшысы.

Оның айтуынша, мұнай тасымалының артуы бағаның біршама төмендеуіне ықпал етіп, барреліне 85 доллар деңгейіне түсуіне әсер еткен. Трамп соғыс аяқталғаннан кейін баға бұрынғы деңгейге қайта оралатынын айтты.

Кейін ол Truth Social желісіндегі жазбасында Ормуз бұғазы арқылы 100 миллионнан астам баррель мұнай тасымалданғанын растады.

«Өткен айда (мамырда) мен қарулы күштерімізге Ормуз бұғазы арқылы мұнай танкерлері мен коммерциялық кемелерді сүйемелдеу бойынша құпия тапсырма бердім. Бүгін осы операция нәтижесінде ашық нарыққа 100 миллионнан астам баррель мұнай жеткізілгенін хабарлауға қуаныштымын. 200-ден астам коммерциялық кеме бұғаздан қауіпсіз өтті», – деп жазды Трамп.

Бұған дейін президент Иранға «құнын төлетуге тура келеді» деп мәлімдеген еді. Бұл Тегеранның Иордания, Кувейт және Бахрейндегі АҚШ базаларына жасалған шабуылдарға жауап ретінде айтылған. Ал Иран болса, бұл соққыларды АҚШ-тың Ормуз бұғазы маңындағы нысандарға жасаған ауқымды шабуылына жауап деп түсіндірді.

Back to top button