TOP-2Геосаясат

АҚШ Иранға қайтадан соққы жасап, мұнай сатуға берілген рұқсатты күшін жойды

АҚШ Иранға қарсы жаңа әскери соққылар жасап, Тегеранның мұнай экспорттауына мүмкіндік берген санкциялық жеңілдіктің күшін жойды. Бұл туралы Tizgin.kz BBC агенттігі Reuters, Axios және басқа да халықаралық ақпарат көздеріне сілтеме жасап хабарлады.

Ормуз бұғазындағы шабуылдарға жауап

АҚШ орталық қолбасшылығының (CENTCOM) мәліметінше, әскери операция Ормуз бұғазы маңындағы халықаралық суларда үш сауда кемесіне жасалған шабуылдарға жауап ретінде жүргізілген.

Вашингтонның мәлімдеуінше, Иранның әрекеті уақытша бітім режимін өрескел бұзып, халықаралық теңіз қатынасына қауіп төндірген.

Осы аптада Ормуз бұғазында екі танкерге шабуыл жасалған, тағы бір кеме бір күн бұрын зардап шеккен. Катар билігі Иранды сұйытылған табиғи газ тасымалдаған танкерге шабуыл жасады деп айыптады. Соның салдарынан кеменің машина бөлімінде өрт шығып, экипаж эвакуацияланған. Reuters агенттігінің дерегінше, өрттің жарылысқа ұласу қаупі болған.

Сонымен қатар Оман жағалауында Сауд Арабиясының туымен жүзген танкердің де зақымданғаны хабарланды. Алайда Иран бұл шабуылдарға қатысы барын мойындаған жоқ.

АҚШ 80-нен астам нысананы атқылаған

Reuters және Axios басылымдарының мәліметінше, АҚШ әуе шабуылдары барысында Иранның әуе қорғанысы жүйелері, жағалаудағы бақылау кешендері, зениттік және қанатты зымырандар, дрон ұшыру қондырғылары мен порт инфрақұрылымдары нысанаға алынған.

Кейін CENTCOM операция аяқталғанын хабарлап, 80-нен астам әскери нысананың жойылғанын мәлімдеді. Олардың қатарында әуе қорғанысы жүйелері, басқару бекеттері, жағалаудағы радиолокациялық станциялар, кемеге қарсы зымыран кешендері және Ислам революциясы сақшылар корпусының шағын әскери катерлері бар.

Axios дереккөзі жаңа операцияның маусым айының соңындағы соққылардан төрт-бес есе ауқымды болғанын жазды. Ал CNN-нің ақпарат көзі бұл әрекетті “ұзаққа созылатын жаза” деп сипаттаған.

Иранда бірнеше портта жарылыстар болды

Иранның мемлекеттік БАҚ-тары Бендер-Аббас, Сирик порттарында және Кешм аралында бірнеше жарылыс болғанын хабарлады.

Алдын ала мәлімет бойынша, бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар жоқ. Сириктегі коммерциялық айлаққа снаряд түсуінен бірнеше адам жараланған.

Ирандық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Сирик пен Бендер-Аббастағы балық аулау айлақтары да зақымданып, бірнеше балықшы кемесі өртенген. Сондай-ақ елдің негізгі мұнай экспорт орталығы саналатын Харк аралында да жарылыстар естілгені айтылды.

АҚШ Иран мұнайына қайтадан шектеу қойды

Әскери операциямен қатар АҚШ Қаржы министрлігі Иранға мұнай сатуға мүмкіндік берген уақытша лицензияның күшін жойды.

Бұл лицензия 22 маусымда уақытша бітім аясында беріліп, Иранға 21 тамызға дейін мұнай мен мұнай өнімдерін экспорттауға рұқсат еткен болатын. Енді Вашингтон Тегеранға барлық мұнай келісімдерін 17 шілдеге дейін тоқтатуды талап етті.

Reuters мәліметінше, осы шешім жарияланғаннан кейін әлемдік мұнай бағасы 3 пайыздан астам өсті.

Тегеран: «Берілмейміз»

Иран парламентінің төрағасы әрі елдің бас келіссөз жүргізушілерінің бірі Мұхаммад Бағер Ғалибаф АҚШ-тың жаңа санкциялары мен әскери қысымы Тегеранның ұстанымын өзгертпейтінін мәлімдеді.

«Қорқыту мен бопсалау дәуірі аяқталды. Біз ешқашан берілмейміз», – деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.

Ал Иран Қарулы күштерінің «Хатам әл-Анбия» орталық штабы АҚШ-тың әрекетіне «күйрете жауап берілетінін» және Ормуз бұғазына қатысты қандай да бір сыртқы араласуға жол берілмейтінін мәлімдеді.

Бітім қайтадан бұзылу қаупінде

АҚШ пен Иран арасындағы әскери іс-қимылдар маусым айында жасалған уақытша келісімнен кейін тоқтатылған болатын. Құжат тараптарға тұрақты келісім жасау үшін 60 күндік келіссөз кезеңін қарастырған.

Алайда өткен аптада Катарда өткен жанама келіссөздер нақты нәтиже бермеді. Бұған қоса АҚШ президенті Дональд Трамп соңғы күндері Иранға қарсы әскери операцияларды қайта бастау мүмкіндігін бірнеше рет жоққа шығармаған.

Өз кезегінде Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи егер АҚШ тарапынан әскери қоқан-лоқы жалғаса берсе, түпкілікті келісім жөніндегі келіссөздер басталмайтынын мәлімдеді.

Back to top button