Қоғам

Алматыдан Шымкентке бағыт алған ұшақ амалсыз Таразға қонды

Жазба авторының сөзінше, ұшақ шамамен 15 минут бойы қатты шайқалған

Алматы – Шымкент бағыты бойынша ұшқан SCAT әуе компаниясының ұшағы Тараз қаласына амалсыз қонуға мәжбүр болды. Бұл ақпаратты әуе компаниясының баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Tizgin.kz

Әлеуметтік желілерде турбуленттіліктің қауіпті аймағына тап болған ұшақтың бортынан түсірілген бейнежазба тараған еді. Жазба авторының айтуынша, ұшақ шамамен 15 минут бойы қатты шайқалған. Осыдан кейін экипаж бағытты өзгертіп, әуе кемесін Таразға бағыттаған. Қонғаннан кейін жолаушылардың бір бөлігі сапарын жалғастырудан бас тартқан.

Әуе компаниясының мәліметінше, ұшақ Шымкент әуежайына қонуға жақындаған сәтте ауа райы күрт нашарлаған. Желдің екпіні секундына 24 метрге дейін жетіп, найзағай ойнап, нөсер жауған.

«Алматы – Шымкент рейсінің экипажы Тараз қаласындағы қосалқы әуежайға қону туралы шешім қабылдады. Ауа райы жақсарғаннан кейін ұшақ рейсті орындауды жалғастырды», – делінген хабарламада.

Әуе кемесі қосалқы әуежайда шамамен бір жарым сағат тұрған. Кейін ұшақ Шымкент әуежайына штаттық режимде қонды.

Back to top button