Алматыда заңсыз қарыз берген ломбардтар желісінің ісі сотқа жолданды
Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті «Альби» ломбардтар желісінің заңсыз қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Компания атауы өзгерсе де, қарыз беруін жалғастырған
ҚМА мәліметінше, мұның алдында «Альби-Ломбард» ЖШС микроқаржылық қызметпен айналысатын ұйымдардың тізілімінен шығарылып, ломбард қызметін жүргізу құқығынан айырылған.
Алайда компания атауын «Альби-КМ» ЖШС деп өзгерткеннен соң да Алматы мен Түркістан облыстарында зергерлік бұйымдарды кепілге алып, қарыз беруді жалғастырған.
Ломбардтар негізінен базарлар мен сауда үйлерінің маңында орналасқан. Клиенттерді тарту үшін кепілге қойылған мүліктің жоғары бағаланатынын және қарыз алудың несие тарихына әсер етпейтінін айтып, жарнама таратқан, – деді ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжан.
Табыс көлемі қанша
Мәлім болғандай, қарыз күніне 2 пайыздық өсіммен берілген. Бұл заңда белгіленген 0,3 пайыздық шекті мөлшерлемеден алты есе жоғары.
Қарыз шарттары бұрынғы «Альби-Ломбард» ЖШС-нің мөрлері басылған кепіл билеттері арқылы рәсімделген. Ал ақшалай есеп айырысу қолма-қол және күдіктілердің бақылауындағы жеке кәсіпкерлердің банк шоттары арқылы жүргізілген. Қылмыстық жолмен түскен табыс 146 млн теңгеден асқан.
Күдікті әйелге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды, – делінген ақпаратта.
Іс сотқа жолданды
Сот рұқсатымен оның мүлкіне, атап айтқанда, 21 пәтеріне, 5 жер теліміне, 7 автокөлігіне, 7 гаражына, 2 дүкені мен қонақүйіне тыйым салынды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Өзге мәліметтер Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.