Алматыда түн ішіндегі отшашу тұрғындардың мазасын алды
Видео авторы түн ішінде тұрғындардың шырқын бұзған бейтаныс адамдарға наразылық білдірді.
Threads әлеуметтік желісінде Алматы тұрғыны әлдекімдер түнгі 00:00-де тұрғын үй ауласында отшашу атқаны туралы видео салды. Видеодан әлдекімді туған күнімен құттықтап, соның құрметіне аулада отшашу ұйымдастырғанын көруге болады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Видео авторы түн ішінде тұрғындардың шырқын бұзған бейтаныс адамдарға наразылық білдірді.
«Бүгін түнде бұл үшеуі тура 00:00-де төртінші адамды туған күнімен құттықтап, тұрғын үй ауласында отшашу жасады. 5 минуттық көңіл-күй көтеру үшін жүздеген адамның ұйқысын қалай бұзуға болады? Бұл не деген тәрбиесіздік? Отшашудың ұшқындары балкон шаққа ұшты. Бұл адамдарды танысаңдар айта барыңдар: көңіл-күйді көтеру үшін бүкіл ауданды оятып, басқа адамның мүлкіне зиян тигізу қаупін төндіру – мақтану емес, бұл – тәрбиесіздік», – деп жазды желі қолданушысы.
Оқырмандар да бұл көрініске қатысты пікірлерін білдірді.
«Түнгі он екіде құттықтауды кім ойлап тапқан? Осы дәстүрді жақсы көрмеймін», «Отшашу ұйымдастырған әр адамға 60-70 мың теңгеден айыппұл салынсын, ал түнде тыныштықты сақтамағаны үшін тағы да 10 мың теңгеден айыппұл салынсын», «Бұл өте аз мөлшердегі айыппұл. Сәбиін енді ұйықтатқан ата-ана үшін бұдан асқан азап жоқ», «Түн ортасында неге отшашу ұйымдастырады? Жақында мен тұратын тұрғын үйде сондай жағдай болды. Әлдекімдер түн ортасында отшашу ұйымдастырып, оның дыбысынан атам шошып оянды. Өзінің жүрегі әлсіз еді, қорыққанынан жүрегі ауырып, атамнан айырылып қалдық. Отшашу істемес бұрын дұрыстап ойланып алыңдар. Сендердің мерекелерің сол түні басқа адамның өліміне себеп болды» деп жазды оқырмандар.
Оқырмандардың бірі отшашудан кейін сәбиі оянып кетіп, қорқып, жылап жатқан видеожазбасын пікір ретінде қалдырды.