Оқиға

Алматыда І курс студенті 8-қабаттан құлап көз жұмды

Алматыда бірінші курс студенті университет ғимаратының сегізінші қабатынан құлап, оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қайғылы жағдай 6 мамыр күні таңғы сағат 09:00 шамасында болған. Ақпаратты университеттің медиаорталығы мен қалалық полиция департаменті растады.

Университет мәліметінше, қаза тапқан студент «Философия» білім беру бағдарламасының 1-курсында мемлекеттік грантпен оқыған.

«Психологиялық қолдау қызметінің дерегіне сәйкес, студент осы оқу жылы ішінде психологиялық көмекке жүгінбеген. Оның психологиялық жай-күйіне қатысты ешқандай шағым немесе алаңдаушылық тіркелмеген. Оқытушылар студенттің оқу үлгерімі жақсы болғанын, тәртібі бойынша ескерту болмағанын айтты», – делінген хабарламада.

ЖОО басшылығы студенттің отбасымен кездесіп, көңіл айтып, қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.

Бұл дерек бойынша Медеу аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.

«Бұл дерек бойынша Медеу ауданының Полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Мотиві мен мән-жайы анықталып жатыр», – деп мәлімдеді ведомство.

Университет бұл жағдайдың сессиямен байланысты емес екенін де нақтылады. Студенттің үлгерімі жақсы болған. Сол күні емтиханы жоспарланғанымен, ол сынаққа келмеген.

Back to top button