TOP-2

Аида Балаева журналист Ботагөз Омарованың ісі жайлы пікір білдірді

Премьер-министрдің орынбасары әрі Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналист Ботагөз Омарованың ісі жағдайды бақылауда ұстап отырғанын хабарлайды, деп жазады Tizgin.kz.

Аида Балаева мұндай жағдайларда заңда көзделген барлық рәсім аяқталғанға дейін асығыс түсіндіру жұмыстарын жасауға, дәлелсіз қорытындылар шығаруға және алдын ала баға беруге жол беруге болмайтынын ерекше атап өтеді.

“Оқиға мәнін бұрмалау немесе процесс қатысушыларын негізсіз қаралауға әкелуі мүмкін мәлімдемелерге жол бермеу аса маңызды. Аталған іс бойынша шешім әділ болады деп сенемін. Таратылып жатқан ақпараттың дұрыстығын тексеру – «Масс-медиа туралы» заңда бекітілген журналистердің негізгі міндеттерінің бірі. Сонымен қатар, заңнамада, атап айтқанда 68-бапта, журналистерді шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратқаны үшін жауапкершіліктен босататын жағдайлар қарастырылған, оның ішінде ресми сөздерді сөзбе-сөз, өзгеріссіз келтірілген болса. Осы сияқты кез келген мәселелерді қарау барысында «Заң және тәртіп» қағидатын қатаң сақтау қажет деп есептейміз, өйткені заң баршаға ортақ және оны сақтау барлық азаматтар үшін міндетті”, – дейді Балаева.

Министр өз тарапынан министрлік жағдайды мұқият бақылап отырғанын, қажет болған жағдайда өз құзыреті аясында шаралар қабылдауға дайын екенін айтады. Сонымен қатар, барлық процессуалдық әрекеттер сыртқы араласусыз, заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес қатаң түрде жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтеді.

ЖУРНАЛИСТЕР ҮНДЕУІ

Бұған дейін Қазақстан журналистер Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасаған еді. Олардың айтуынша, 2026 жылы 20 наурызда 20 жылдан астам еңбек тәжірибесі бар, абыройлы әрі кәсіби журналист, біздің әріптесіміз, Ботагөз Омарова Астана қаласы полиция департаментінің бөлімшесіне «әңгімелесуге» шақырылған. Ол Астана қаласы Сейфуллин көшесі 37 мекенжайына өз еркімен барған. Бірнеше сағат ішінде оның процессуалдық мәртебесі өзгерді: алдымен – қорғалуға құқығы бар куәгер, кейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы («көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша күдікті ретінде танылған.

Ботагөз Омарова полиция бөлімінде сегіз сағаттан астам уақыт болған. 21 наурыз күні түнгі сағат 01:00-ден кейін тергеу сотының отырысы өтіп, оның қорытындысы бойынша оған екі ай мерзімге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы белгіленген. Түнгі сағат 03:00-ден 05:00-ге дейін полиция оның пәтерінде тінту жүргізген.

“Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша оған нақты қандай журналистік материал үшін айып тағылып отырғаны туралы бізде ресми ақпарат жоқ. Қазақстан Республикасы «Масс-медиа туралы» Заңының 68-бабына сәйкес, журналист, редакция және бұқаралық ақпарат құралы бірқатар жағдайда, соның ішінде ақпарат жеке және заңды тұлғалардың сөздерін сөзбе-сөз келтіру арқылы берілсе немесе ресми дереккөздерден алынса, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратқаны үшін жауапкершіліктен босатылады. Ботагөз Омарова әрдайым өзінің кәсіби міндетін адал атқарып, деректерді тексеріп, құжаттарды зерделеп, Қазақстан Республикасының заңнамасы аясында жұмыс істеп келеді.

Біз, Сізден, Ботагөз Омарованың ісін жеке бақылауыңызға алып, журналистерді осындай жағдайлардан қорғауыңызды сұраймыз. Себебі ҚР ҚК-нің 274-бабы көбіне журналистерге қысым көрсету құралы ретінде қолданылып жатады. Сондықтан Сізді Конституция кепілі ретінде аталған бапты декриминализациялау жөнінде президенттік бастама көтеруіңізді өтінеміз”, – деді журналистер.

Президенттен журналистер істің барлық мән-жайын жан-жақты, объективті әрі мұқият тергеуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ процессуалдық нормалар мен құқықтардың қатаң сақталуына кепілдік беруге және журналист Ботагөз Омарованы қудалауды тоқтатуға ықпал етуді сұрайды.

Back to top button