«Әділет» партиясының кандидаттары Атырау облысындағы ірі кәсіпорындардың ұжымдарымен кездесті
«Әділет» партиясы Республикалық сайлауалды штабының өкілдері Атырау облысындағы еңбек ұжымдарымен кездесе отырып, мұнай-газ химия, қайта өңдеу өнеркәсібі, инженерлік кадрларды даярлау және сапалы жұмыс орындарын құру сияқты маңызды тақырыптарды талқылады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жергілікті энергетика саласы мен ауыр өнеркәсіп кәсіпорындары ұжымдарымен кездескен партияның республикалық сайлауалды штабы өкілдері осы тақырыптарды кеңінен сөз етті.
Жұмыс сапарының алғашқы бекеті – Атырау мұнай өңдеу зауыты болды. Бұл – Қазақстандағы қара алтын өңдеуші алғашқы кәсіпорын әрі отандық мұнай-химия саласының маңызды нысандарының бірі. Бүгінде АМӨЗ жыл сайын шамамен 5,5 млн тонна мұнай өңдеп, ішкі нарықтың елеулі бөлігін негізгі мұнай өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.

Партия өкілдері стратегиялық кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқанын атап өтті.
«Атырау – еліміздің энергетикалық жүрегі. Сондықтан энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету партияның сайлауалды бағдарламасындағы он негізгі басымдықтың қатарына енгізілді. Сонымен бірге экономиканың дамуы адамдардың өмірінде нақты оң өзгерістер әкелуі тиіс. Біз елде лайықты еңбекақы төленетін, еңбек жағдайы қауіпсіз, әлеуметтік кепілдіктері толық сақталатын, тұрақты жұмыспен қамтылған әрі заманауи цифрлық еңбек қатынастары енгізілген бір миллион сапалы жұмыс орнын құруды мақсат етіп отырмыз», – деді олар.
Кездесу барысында АМӨЗ қызметкерлері өндірісті цифрландыру және мамандар даярлау мәселелерін көтерді. Мұнай өңдеу зауыты үшін бұл өте маңызды. Себебі заманауи цифрлық технологиялар өндіріс барысын автоматтандыруға, өнеркәсіптегі қауіпсіздікті арттыруға, жабдықтардың жай-күйін бақылауға және апат қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар еліміздің стратегиялық кәсіпорындарының бірі саналатын зауыттың тұрақты жұмысы білікті инженерлер мен техникалық мамандардың даярлығына тікелей байланысты.

Бұл тұрғыда партияның айтары бар. Құрылтай депутаттығына кандидат Эльдар Жұмағазиевтің сөзінше, олар жас инженерлер мен геологтарды даярлауға мемлекеттік қолдауды күшейтуді, оның ішінде «жасыл» технологиялар мен экологиялық менеджмент бағыттары бойынша мамандар әзірлеуді ұсынып отыр.
Ал Үнзила Шапақ алдағы жылдары ел экономикасына 400 мыңнан астам маман қажет болатынын тілге тиек етті.
«Бұл тек инженерлер мен ғалымдар ғана емес. Жаңа технологиялар жаңа кәсіптерді қалыптастырып жатыр. Еңбек нарығында жасанды интеллект маманы, деректер талдаушысы, робототехника инженері, киберқауіпсіздік маманы, цифрлық жобалар менеджері, контент-инженер сияқты жаңа мамандар қажет болады. Біздің міндетіміз – жастарды осы езгерістерге дайндау, білім беру жүйесін экономика сұранысына беймдеу», – деді ол.
Сол күні штаб өкілдері елдегі жетекші машина жасау кәсіпорындарының біріне айналған TEXOL вагон жасау зауытында да болды. Қазір мұнда шамамен 300 адам еңбек етеді. Жыл соңына дейін тағы 600-ден астам қызметкер қабылдап, келер жылы штат санын 2,7 мың адамға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Кездесу барысында тараптар машина жасау саласын дамыту, қазақстандық өндірушілерді қолдау және жаңа жұмыс орындарын құру жайын талқылады. Штаб делегаттары дәл осындай заманауи өндірістер экономика өсімінің тірегіне айналып, технологиялық жаңғыртуға және жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға ықпал етуге тиіс екенін атап өтті.

Одан соң «Әділет» өкілдері «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымымен де жүздесіп, назар аударатын негізгі түйткілдерді талқылады. Оның ішінде техникалық кадрлар даярлау, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, мұнай-газ саласын дамыту, еңбек жағдайларын жақсарту және отандық өндірісті қолдау мәселелері бойынша мағыналы әңгіме өрбіді.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.