$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
TOP-1БілімЖаңалықтар

5000 шеге, 600 метр жіп: Астана ұстаздары Ахмет Байтұрсынұлының портретін жасады

Астаналық жас мұғалімдер «Ұлт ұстазы», ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының портретін 5000-ға жуық шеге мен 600 метр жіптен жасады. Ерекше инсталляцияны толық аяқтауға 14 күн кеткен, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Портретті Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілген №48 мектеп-лицейінің ұстаздары String art технологиясы арқылы жасаған. Жобаның мақсаты – ғалымның мұрасын заманауи өнер арқылы насихаттап, өскелең ұрпаққа өзгеше форматта таныстыру.

5000 шеге қолмен қағылған

Жұмыстың алғашқы кезеңінде мұғалімдер арнайы дайындалған тақтайшаға проектор арқылы Ахмет Байтұрсынұлының бейнесін түсіріп, портреттің негізгі сұлбасын белгілеген.

Одан кейін тақтайшаға 5000-ға жуық шеге қағылып, олардың арасы жіппен жалғанған. Жалпы ұзындығы 600 метр болатын жіпті белгілі бір реттілікпен шегелерге орау арқылы Ахмет Байтұрсынұлының бейнесі біртіндеп қалыптасқан.

«Жұмыстың алғашқы кезеңінде мұғалімдер арнайы дайындалған тақтайшаға проектордың көмегімен Ахмет Байтұрсынұлының бейнесін түсіріп, портреттің негізгі сұлбасын белгіледі. Кейін тақтайшаға бес мыңға жуық шеге қағылды. Ал одан кейін әр шегеге тоқылған жіптерді бір-бірімен байланыстыра отырып, портреттің бейнесі қалыптастырылды», – делінген хабарламада.

«Ұлт ұстазының» туғанына – 154 жыл

Айта кетейік, бүгін, 5 қыркүйекте, қазақ халқының көрнекті ағартушысы, ғалым, ақын әрі қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 154 жыл толып отыр.

Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте қазіргі Қостанай облысының аумағында дүниеге келген. Ол қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін қалаушылардың бірі саналады. Ғалым қазақ әліпбиін жетілдіріп, ана тілінде сауат ашуға арналған «Әліппе», «Тіл-құрал» секілді еңбектер жазды.

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ баспасөзінің қалыптасуына да зор үлес қосты. Ол 1913–1918 жылдары жарық көрген «Қазақ» газетінің негізін қалаушылардың бірі әрі бас редакторы болды. Алаш қозғалысының жетекші қайраткерлерінің қатарында елдің саяси және рухани жаңғыруына қызмет етті.

Ұлттың білімі мен тіліне сіңірген еңбегі үшін Ахмет Байтұрсынұлы халық жадында «Ұлт ұстазы» деген атпен қалды.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button