
Лионель Месси 2026 жылғы футболдан Әлем чемпионатының плей-офф кезеңінде тағы да рекорд жаңартты. Аргентина ұлттық футбол құрамасы мен Кабо-Верде ұлттық футбол құрамасы арасындағы кездесуде ол бірден бірнеше тарихи жетістікке қол жеткізді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Аргентина құрамасының капитаны матчтағы есепті ашып, осы әлем чемпионатындағы гол санын жетіге жеткізді. Осылайша ол 2026 жылғы мундиальдің үздік сұрмергендері тізімінде жеке-дара көш бастады.
Бұл кездесуден кейін Месси бірнеше жаңа рекордтың авторы атанды. Атап айтқанда, ол әлем чемпионаттарының екі бірдей турнирінде кемінде жеті гол соққан тарихтағы алғашқы футболшы болды. Сонымен қатар плей-офф кезеңдеріндегі ең көп нәтижелі әрекет жасаған ойыншы ретінде де рекордын жаңартты. Қазір оның еншісінде шешуші кезеңдердегі 6 гол және 6 нәтижелі пас бар.
Бұдан бөлек, аргентиналық шабуылшы өзіне тиесілі бірнеше тарихи көрсеткішті де жақсартты. Қазір ол әлем чемпионаттары тарихындағы ең үздік сұрмерген саналады – еншісінде 20 гол бар. Сондай-ақ әлем біріншіліктерінде ең көп матч өткізген футболшы ретінде 30 ойынға жетті.
Мессидің тағы бір ерекше жетістігі – әлем чемпионаттарында 14 түрлі ұлттық құрама қақпасына гол соққан алғашқы ойыншы атануы. Сонымен қатар ол мундиальдағы қатарынан сегіз матчта мергендік танытып, бұл көрсеткіш бойынша да рекордын ұзартты. Ал әлем чемпионаттарындағы жалпы нәтижелі әрекеттерінің саны 28-ге жетті: 20 гол салып, 8 нәтижелі пас берді.